Былтыр базар бағамын мөлшерден тыс асырған 250 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 747 мың теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам делдал анықталып, сауда тізбегінен шеттетілді. Ал, биыл жыл басына бері 38 кәсіпкер бағаны негізсіз өсіргені үшін 421 мың теңге айыппұл арқалады.
Ет бағасы қымбаттады. Осылай деген қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары былтыр атқарған жұмыстарын тізбектеп, биылғы жылға есеп берді. Оның айтуынша ет өнімдерінің бағасы өскені рас. Бірақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қатарында қолжетімді бағада тұр дейді. Сөзіне сенсек, келісімшартқа отырған кәсіпкерлер халықтың қалтасына қонымды теңгеде саудалап отыр.
ТОҒАЙ ЖӘНІБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мал шаруашылығы, ет өнімінің бағасы көтерілді. Бірақ жаңа айтып өткендей үлкен-үлкен сауда орындарымен «Грамад», «Магнуммен» келісімшарт жасағанбыз. Сойылған малдың етін электронды счет фактурасымен қабылдайды. Одан 15 пайыз ғана қосып сатады».
Айта кетейік, қазіргі таңда 90-ға жуық сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып келеді. Ол үшін бюджеттен 10,6 млрд теңге қаржы қаралған. Егер олар, тауар бағамын сақтамаған жағдайда, айыппұл арқалап, ол аздай келер жылы келісімшарттан қағылады.
Бұдан бөлек, бөлім басшысы, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттік субсидия беру біртіндеп бірер жылда тоқтатылатыны жеткізді. Енді бизнесін өркендетіп, нәпақасын табамын дегендерге аз пайызбен несие берілмек.
ТОҒАЙ ЖӘНІБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «2028 жылға қарай субсидияны беру қысқарып келе жатыр. Бұрын мынау етке берілетін. Қазір етке берілген субсидия қысқарылып, алдағы уақытта сүттің де, еттің де субсидия қысқартылып, жеңілдетілген 2-5 пайыздық несие беру қаралаып жатыр. Алдағы уақытта жеңілдетілген несиемен шаруалар жұмыс істейді деп ойлаймын».
Сонымен қатар, қала аумағында ауыл шаруашылығы жануарларына қатысты ветеринариялық іс-шаралар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мәселен, 10 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 1 200 — ге жуық вакцина егілген. Сондай-ақ 6 түрлі ауру бойынша 227 776 бас малдан қан алынып, диагностикалық зерттеулер жасалған.
Нұргүл Жолымбетова






