Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрін сынға алды

105

«Вице-министрдің нақты сұраққа жауап бере алмауы-бүкіл үкіметтің жұмысына кері әсерін тигізеді». Осылай деген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов денсаулық сақтау министріне ескерту жасады. Бұған дейін Ажар Ғинияттың орынбасары брифинг өткізіп, журналистер қойған сауалға нақты тіл қата аламаған еді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Ажар Ғиниятқызы, өткен аптада сіздің орынбасарыңыздың қатысуымен брифинг өткен еді. Денсаулық сақтау вице-министрінің журналистердің сұрақтарына нақты жауап бере алмағаны өкінішті. Осыған назар аударуыңызды сұраймын. Мұндай жағдайлар, құрметті әріптестер, бүкіл үкіметтің жұмысына кері әсерін береді».

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сай үкімет халықтың үніне құлақ түруі керек. Ал бақ өкілдері қарапайым жұрт арасындағы мәселені билікке жеткізеді. Сондықтан тілшілермен тығыз жұмыс істеу қажет деді премьер министр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Үкімет мүшелеріне журналистермен тығыз байланыста болуды тапсырамын. Біз қоғамға ашық болуымыз қажет. Әрбір қабылданған шешімді дұрыс түсіндіру керек. Қоғаммен ақылдаса отырып, қабылдау керек. Бұл үкіметтің негізгі міндеті».

Сондай-ақ, үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, соңғы айда коронавирус инфекциясының орташа тәуліктік өсу саны 34 есе азайған. Ал стационарлық ем алып жатқан адамдардың саны 2,3 есеге, амбулаториялық науқастар саны 5,1 есеге төмендеген.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент ем алып жатыр. Соңғы айда инфекциялық төсектердің пайдаланылуы 2,2 есеге – 38-ден 17%-ға дейін, реанимациялық төсектердің жүктелуі 6%-ға – 20-дан 14%-ға дейін төмендеді».

Әлихан Смайылов эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді, жоспардан артта қалған өңірлердің әкімдеріне халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырды.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева