Маман: «Қауіп сейілген жоқ, алда нөсерлі жаңбыр бар»

134
үй

Наурыздың 9-нан 10-на қараған түні Шымкентте жауған қатты нөсер қалалықтарды әбігерге салды. Синоптиктер наурыздың 12,17, 18 аралығында нөсерлі жаңбыр жауатынын болжап отыр.

Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтап, үйлерінің жанындағы арық-атыздарды, жалпы ирригациялық жүйелерді қоқыстан тазалауға шақырады.

кешегі түнгі жаңбырда осы үйдің ауласын су басты

Түнде жауған нөсерлі жауынның  салдарынан Айқап шағынауданындағы Задария көшесінде орналасқан бірқатар үй аулаларын су басып, үй иелерін әбден әбігерге салған. Арықтағы су арнасынан тасып, үйлерге қауіп төндіре бастағанда тұрғындар төтеншеліктерді шақыруға мәжбүр болыпты.

«Төтеншеліктер көмекке келді, жәрдем берді. Олардан қап қап құм сұрап алдық кім біледі 10 күн жауын болады деп жатыр ғой»-дейді  Лесбай Маямеров.

Синоптиктер мұны растап отыр. Алдағы күндері жаңбыр төпеп, ауа температурасы төмендейді. Мамандар жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін деген болжам жасауда.

Әсем Нұрлыбаева, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша облыстық филиалының инженер-синоптигі:»12-13 наурызда Шымкентте қатты жаңбыр, кейбір жерлерде нөсер күтіледі. 17-18 наурызда күндіз қатты жауын-шашын болады, таулы аудандар жауын-шашын қарға ұласуы ықтимал».

Алдағы он күнге дауылды ескертуді қалалық төтенше жағдайлар департаменті де таратты. Дағдарыс орталығы тұрғындардан 112, 101 телефондары арқылы қоңырау қабылдауда. Алдағы түнде шахар аумағындағы 44 мекенжай бойынша департменттің жеке құрамы, 30-дан астам  техника, 38 мотопомпамен суды сорып,  қаппен жағалаулар бектіліп, уақытша бөгет жасау  жұмыстары жүргізлді.

«Ирригациялық жүйелер суды игере алмай толып, арнасынан шыққан су  көше, аулаларды басты. Мүмкіндікті пайдаланып тұрғындарды аула, көшелеріндегі арықтарды күл қоқыстан жинауға шақырамыз,- дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы  Төреғали Үркімбаев.

Төтенше жағдай туындағанда 101, 112-ден болек, қала әкімдігіне қарасты Айкөмек 109 нөміріне де хабарласуға болады.Өткен тәулікте орталыққа 500 ден астам қоңырау түскен.

Тоғжан Әбіш, » 109 Ай көмек» орталығының бас сарапшысы:»Су басқаны жайлы қоңыраулар тиісті мекеме қызметтерге жіберіліп, олар қандай шара көргені жайлы фотосурет жіберіп жауап берді».

Мамандар бірде-бір шағым қараусыз қалмайды,- дейді. Өйткені, азаматтардың операторларымен  әңгімесі міндетті түрде таспаға жазылады екен.

Шынар Оразова