Шымкентте инспектор көршісін соққыға жыққан

149

Шымкентте полиция қызметкері егде жастағы көршісін қатты соққыға жыққан.Жәбірленушінің соққыдан кейінгі суреті бар жазба әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Арызданушылардың айтуынша, тәртіп сақшысы зейнеткерге ғана емес, оның әйеліне де қол көтерген.

«Ол мені кенеттен ұрды, мен құладым, содан кейін не болғаны есімде жоқ. Мені теуіп жатқанын сездім» дейді соққы алған жерлесіміз. Олег Петровский сол күнгі оқиғаларды қорқынышпен еске алады. 62 жастағы ер кісінің пайымдауынша, полиция қызметкері  оны өз пәтерінде соққыға жыққан. Полиция қызметкері Олегтің әйеліне тіл тигізген соң жанжал шыққан. Оқиға кезінде азамат  көптеген жарақаттар алған.

«Осы соққыдан кейін бірден басым айналып, жүрегім айныды, қазір басым ауырып тұр. Алдымен хирургке жіберді, хирург жағыма ота жасау керек деді.  Дәрігерлер де менің иығыма ота жасау керек деген қорытынды жазды. Сол жағында ауыр гематома және көзі толығымен қанға боялған деп көрсетілген онда»,-дейді жәбірленуші  Олег Петровский

Оқиғадан кейін жәбірленушілер полицияға арызданған. Олегтің айтуынша, тәртіп сақшылары  қысым көрсеткен,  одан кейін ол арыздан бас тарту туралы хат жазған.

Олег Петровский, жәбірленуші: «Емханадан шығып бара жатқанымда, мені ұрған полиция қызметкері көлікте отыр екен. Әйелімнің құрбысы да сонда болды, сондықтан бәрі бейбіт жолмен шешілді деп ойладым. Көліктің есігі  ашылғанда, мен шошып кеттім, майор менің алдымда тұрды. Ол адвокат жалдап, істі бұзатынын айтып, мені сол жерде моральдық тұрғыдан қысым көрсете бастады. Менің бас тарту туралы арыз жазуыма тура келді».

Олегтің әйелі Анна Шмакова да тәртіп сақшысының қолынан зардап шегіпті. Зейнеткер істі сотқа жеткізуге оның көгерген жерлері де, соққыға жығылған күйеуі де себеп болмағанын айтады.

Анна Шмакова, жәбірленуші: «Олар маған айтпай күйеуімді сотқа  шақырыпты. Алайда  мен куәгер ретінде осы сотта болуым керек еді. Мен есікке жақындағанда «Сот отырысы аяқталды» деген сөздерді естіп қалдым. «Ер адамдардың арасында ұрыс-керіс болып, ауызша жанжалдасып, енді бітім болып жатыр,- дейді. Мен күйеуіме « сенің бетің қандай екенін судья көрмеді ме дедім, «Көрді , алайда сондай қорытынды шығарды» деді.

Тілшілер жанжалдың мән-жайын сұрау үшін инспектордың үйіне барды. Бірақ, өкінішке орай есікті ешкім ашпады.

Полицейлер бұл олардың әріптесі екенін және оның жергілікті полиция қызметінің инспекторы болып жұмыс істейтінін растады. Шымкент қалалық ДП баспасөз қызметі:
«Диханбаев Еркеғали — Әл-Фараби АІІБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы. Оған қатысты Шымкент қалалық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ішкі қауіпсіздік бөлімімен тексеру жүргізілуде. Бұл факті бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды. полиция қызметкері. Оның қорытындысы қосымша хабарланады. Ол бойынша шешімді тәртіптік комиссия қабылдайды».

Магомед Ханаев зардап шеккен отбасына көмек көрсетуге бекініп отыр. Адвокаттың айтуынша, ол істі қосымша тергеуге қайтару туралы өтінішпен прокуратураға жүгінген.

Магомед Ханаев,  жәбірленушілердің адвокаты: «Жәбірленушілердің арызын қабылдаған Еңбекші ауданының учаскелік полиция қызметкері бұл істі әкімшілік хаттамаға тіркеп, аудандық сотқа жолдайды. Сотта тараптар татуласқаннан кейін, іс тоқтатылады.  Әл-Фараби аудандық полиция қызметкері Диханбаев Еркеғалидың қылмыстық теріс қылығын жасыру үшін».

Жәбірленуші зейнеткерлер Олег Петровский мен Анна Шмакова әділдік орнап, істің ақ-қарасы анықталғанын қалайды.

Шынар Оразова