Шымкентте Қошқар ата сейілі өтті

257

Шымкент тұрғындары Ұлыстың ұлы күніне орай «Қошқар Ата сейілі» атты көктем мерекесін тойлады. Қошқар Ата өзені маңына жиналғандар қазақтың ұлттық бұйымдар көрмесі мен мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ұйымдастырушылар Наурыз мейрамына арналған іс-шара мұнымен тоқтап қалмай, әлі 10 күнге жалғасатынын айтты.

«Қошқар ата-Сейілі» – көктем мерекесі. Айтулы мейрамды арқа-жарқа атап өту үшін жерлестеріміз киелі өзеннің жағалауына жиналды. Жауған нөсер, жаңбыр тұрғындардың мерекелік көңіл-күйді сезінуіне еш кедергісін келтірген жоқ. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды. Ақ жаулықты әжелер қол диірмен тартып, табаға нан пісіріп, Наурыз-көже таратты. Қаламыздағы театр әртістері мерекелік қойылымдар ұйымдастырып, сахналық көріністер ұсынды.

Мерекенің көркі — қошқарды көтерген палуандар сайысы болды. Білек күшінің қаншалықты мықты екенін анықтайтын сынға қатысқан ер-жігіттер дүйім жұртты таңқалдырды. 45 келілік қошқарды 47 рет көтерген азамат қарсыластарын шаң қаптырып, оза шапты. Жеңімпазға сол көтерген ұсақ малы сый ретінде табысталды.

Ербол Орынхан, «Қошқар көтеру» сайысының жеңімпазы: «Жалпы өзім Көкбұлақтағы мәдениет үйінде жұмыс істеймін. Осында метадист жұмыс істеп жүрдім. Сөйтіп, қошқар көтеру болғаннан кейін, бағымды сынап көрейін деп Аллаға шүкір алдым. Осы Наурыз болады деді, 2 қошқар тігіледі деді, сол бір қошқарды ұтып кетем деген едім. Ниетім тура екен. Үйде мал бар, соның қасына қосам Құдай қаласа».

Көктем мерекесі аясында ұлттық ойынның өзге де түрлерінен жарыстар өрбіді. Асық ойнап, арқа-жарқа болған балақайлар да өзара мерген-мықтыларды мойындатты. Өзен жағалап самаурын қойылып, көпшілікке арнап палау басылды. Ұйымдастырушылар 100 жылдан кейін қайта жаңғырған бұл көктем мерекесі биыл Шымкентте 5-ші рет қолға алынып отыр дейді.

Самат Алтай, режиссер: «Мұның негізгі мақсаты — Жібек Жолы бойына сауда-саттықпен жиналатын жері болған. Көктем алғаш шыққан кезде барлығы өздерінің ескі, қалған заттарын шығарып, осы жерге келіп, өздерінің достық көңілін білдіретін болған. Біздің ол кезде көптеген ұлттық ойындарымыз болған, олардың бәрі ұмыт қалған. Сол ұмыт қалған ойындардың бәрін жаңғырту үшін, өзіміздің ұлттық кодымызды толықтыру үшін осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз».

Айта кетейік, биыл Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар Шымкентте 13 наурыздан бастап 23 наурызға дейін жалғасатын болады. Жауаптылардың сөзінше, 10 күнге созылатын мейрамға қазынадан 117 млн теңге қаражат бөлген екен.

Әлихан Файзханов