Желіні шулатқан «массажшы» әйел заң алдында жауап береді

92

Балаларға массаж жасау – асқан кәсібилікті талап етеді. Бірақ кейбір мамандар ешқандай сертификатсыз-ақ нәпақасын тауып жүр. Қазақстан аумағында мұндай әрекетке заңмен шектеу қойылған. Сондықтан, заңсыз жұмыс істеп қана қоймай, оны әлеуметтік желіге жүктеген азаматтың үстінен медициналық бақылау департаменті арыз жазды.

Әлеуметтік желіге тараған массаж жасаушы маманның үстінен медициналық бақылау департаменті арыз жазды. Өйткені, ол лицензиясы бар қызметкерлер базасынан табылмаған. Яғни, бүгінге дейін құжатсыз жұмыс істеп келген. Енді қоғамда шу тудырған қызметкердің ісімен прокуратура немесе полиция департаменті айналысады.

Розия Абытова, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Қазіргі таңда біз полиция департаменті мен прокуратураға хат жібердік. Себебі ол кісі заңсыз медициналық жұмыс жүргізген. Қазір нақты мәлемет айта алмаймыз. Жалпы дәлелденген жағдайда айыппұл салынады. Себебі сертификат жоқ кезінде айыппұл салынады».

Ал 20 жылдық тәжірибесі бар балалар педиатрының айтуынша, массаж жасаушы маманның қателігінен бала жансақтау бөлімінен бірақ шығуы ықтимал. Сондықтан ата-аналар бұл тұрғыда абай болуы керек дейді. Өйткені, өз тәжірибесінде дұрыс емес массаж салдарынан дене жарақатын алған нәрестелерді кездестіріпті.

Оксана Емельянова, педиатр: «Менің тәжірибемде массаж жасаушы маманның қателігінен зардап шекке балалар кездесті. Бала өте мазасыз болды. Тексергеннен кейін оның иығы шығып кеткені анықталды. Бұл өрескел қателік. Мен оларды стационарлық емдеуге жіберуге мәжбүр болдым».

Шымкенттегі өзге массаж жасаушы мамандар да видеодағы әйелдің әрекеті дұрыс емес екенін алға тартып отыр. Жалпы кәсіби мамандардың айтуынша, ең алдымен қызметкердің сертификаты бар-жоғына мән беру керек дейді. Әрі массаж кезінде оның әрекеті мен баланың реакциясын бақылау маңызды.

Илья Усенко, массажшы, ЛФК-инструктор: «Мен бұл видеоны көрдім. Онда массажшы қарапайым қателіктер жіберген. Видеода бүйірінен соққы болғанын байқадым әрі маман дәрі-дәрмекпен жұмыс істеген. Бұлай жасауға болмайды. Сондай-ақ бала өте қатты жылап жатты. Иә, массаж кезінде жатырқап жылауы мүмкін. Ол кезде массаж жасаушы кішкене үзіліс жасауы керек. Бірақ ол видеода бала жатырқағаннан емес, ауырсынудан жылағанын аңғару қиын емес. Жалпы балаға массаж жасап жатқанда, маманның әр қимылына назар аудару керек. Массаж нәзік болуы қажет».

Видеодағы массаж жасаушы маманмен байланысу мүмкін болмады. Әйел әлеуметтік желіге де, қоңырауларымызға да жауап бермеді. Қазір ол тек лицензиясыз жұмыс істегені үшін ғана жазалануы мүмкін. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға шамамен 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Егер шағын бизнес өкілі болса, онда 60 мың теңге төлейді. Ал полицияға жәбірленушілердің өзі арыз жазса, онда азаматша өзге бап бойынша да жауапқа тартылуы ықтимал.

Мөлдір Ибадуллаева