700 отбасыға азық-түлік жиынтығы таратылды

68

Қасиетті Рамазан айында қаланың бірнеше мешітінде мұқтаж жандарға азық-түлік жиынтығы таратылып жатыр. Ораза басталғалы он күн ішінде 11500 отбасыға демеушілер тарапынан көмек көрсетілген. Бүгін «Рамазан қоржыны» акциясы аясында 5 мешітте 700 отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді.

Он екі айдың сұлтаны Рамазанда жасалатын игі істер жалғасын табуда. Бүгін Шымкент қаласының 5 мешітінде «Рамазан қоржыны» шарасы аясында 700 отбасыға азық-түлік жиынтығы таратылды. Олардың қатарында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар бар. Қаланың наиб имамы биыл кәсіпкерлердің қайырымды іске ерекше атсалысып жатқанын айтады.

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары: «Мұқтаж адамдарға беріп жатырмыз. Жағдайы өте төмен, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға беріп жатырмыз. Бұл бір жағынан Рамазанмен құттықтау, сыйлық, медеу, қуаныш болсын деген мақсатта беріп жатырмыз. Кешегі пандемиядан кейін әлі өз-өзіне келе алмай жатқан көп азаматтар бар. Сол ретте мұның да бірлік тұрғысынан, ынтымақ тұрғысынан берері мол деп есептейміз».

Тұрғындар қасиетті айда мұқтаж отбасыларға қол ұшын созған жомарт жандарға алғысын жаудырды. Жалғызбасты ана Ақмарал Салықова көмек алу үшін осыдан бірнеше күн бұрын тіркеліп кеткен екен. Бүгін ол да азық-түлік жиынтығын алуға келіпті.

Ақмарал Салықова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ораза айымен бәрін құттықтаймын. Ұстааған оразалары қабыл болсын! Осы беріп жатқан көмектеріне Алла разы болсын! Өзім жалғызбасты анамын, 2 балам бар. Өткенде келіп жазылғанбыз, рақмет бәріне».

Шахноза Касымова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Алла разы болсын! Бізден қайтпаса Құдайдан қайтсын! Жақсылықта қайтсын. Жағдайым сәл төмендеу еді, соған жазылып кеткем. Бізге кеше звондады, өткенде тіркеліп кеткен едік».

Оразаның алғашқы онкүндігінде 11500 отбасыға көмек көрсетілген. Оның ішінде азық-түліктен бөлек, киім-кешекпен, сондай-ақ қаржылай қол ұшын созған азаматтар да бар. Жалпы көмек алу үшін тізімге 30 мың мұқтаж адам тіркелген екен. Мешіт қауымы Рамазан айының аяғына дейін барлық отбасыны толық қамтуды жоспарлап отыр. Егер көмекке мұқтаж жандар болса, «Зекет» қорына жазылу арқылы көмек алуға мүмкіндігі бар.