Ыстық тамақтың орнына бір реттік азық-түлік себеті берілген

243

Түркістан облысы Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Аманова мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын өрескел бұзған. Ол аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды бір мезеттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкермен келісім-шарт түзген. Ал, кәсіпкер тапсырысты уәдеге сай орындамаған көрінеді. Мектеп директорлары болса заңбұзушылық орын алып жатқанын көре тұра үндемеген.

Төлебиде ыстық тамақтың орнына азық-түлік себеті берілген. Аудандағы 68 мектепте 29 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның 2600-і әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар. Осы санаттағы шәкірттерді ыстық тамақпен қамту үшін аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Аманова жеке кәсіпкер Жабаевамен заңды келісімге келеді. Алайда, шарт өз деңгейінде орындалмаған. Мұны мектеп директорлары да жоққа шығармайды.

Бекжан Баймұрзаев, Бірінші мамыр жалпы орта мектебінің директоры:
«Ия, азық-түлікпен де қамтамасыз етілді. 98 бала. Сол бойынша берілген тамағын біз таратып беріп отырдық».

Келісім шартта қызмет көрсету құны 75 млн. 182 мың. 16 теңге болып көрсетілген. Белгіленген сомаға тапсырысты орындаушы азаматша аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамту керек деп анық жазылған. Дегенмен, іс жүзінде бәрі басқаша болса да, келісім шартта бәрі заңға сай толтырылып келген. Жалған мәлімет енгізілген құжатқа мектеп директорлары ай сайын мөр басып, қол қойып отырған. Олар мұның себебін адами әлеуетті дамыту бөлімінен келген тапсырма деп түсіндірді.

Айгүл Асқарбекова, Бірінші мамыр жалпы орта мектебінің әлеуметтік педагогы:
«Біз 151 бала сұраныс береміз. Тапсырма ауызша беріледі».

«Білім бөлімінің тапсырмасыменен тендерден ұтып алған адам біз шикідей әшейін пакетпенен таратамыз дегеннен кейін, біз солай сұраныс бергенбіз. Жаңағы бес баламыз пакетпенен шикідей, еті, жұмыртқасы, вермешелі, майына дейін бәрін пакетпенен беріп тұрды. Білім бөлімінің тапсырмасымен солай беріңдер деген соң, солай берілген»,-дейді мектеп директоры.

Ал, аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміндегі мамандар ешбір білім ұясына тапсырма бермегенін айтады. Сөздерінше, мектеп директорлары ұсынған сұраныс хаттың негізінде ғана азық-түлік себеті үлестіріліп келген.

Бір қызығы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен жеке кәсіпкер арасындағы келісім-шарт 2021 жылдың 14 қыркүйегінде түзілген. Ал, мектеп директорлары сұраныс хаттарын бірнеше күннен кейін берген. Бейресми деректер бойынша кейбір мектеп басшылары тіпті бүгінге дейін де сұраныс хат бермеген көрінеді. Сонда келісім шарт жасасқанда балалар саны мен көрсетілетін қызмет құнын қалай анықталған деген заңды сұрақ туындайды.

Маржан Жеткерова, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:
«Мәліметті мен сізге дайындап беремін. Хаттаманың негізінде сұраныс болса сұранысын тауып беремін. Тізімі болса тізімін тауып беремін. Осы мектептердің не үшін мына число мен мына число екенін сол кезде айтайын. Қазір анықтап мен де білмей тұрмын ғой».

Бөлімнің білдей әдіскері күнделікті айналысып жүрген ісін білмейтіні қызық, әрине. Әрі біз маманнан мектептерден келіп түскен сұраныс хатты көрсетуін сұрадық. Алайда, ол тексеру жұмыстарына байланысты барлық құжаттар құзырлы органдарда жатқанын жеткізді. Ал, аудандағы аз қамтылған отбасылардан шыққан әлгі 2600 баланың ешбіріне жаңа жылдан бері ыстық тамақ та, азық-түлік те берілмеген. Мұндай әлеуметтік көмек 2021 жылдың соңына дейін ғана беріліп келген.

Осылайша тараптар бар мәселені бір-біріне ысырып қойды. Ал, осы іске тікелей жауапты тұлғалар мен мектеп директорларының ендігі тағдыры не болмақ? Ендеше жағдайдың ақ-қарасын айырып, әділ шешім шығару құзырлы органдардың еншісіндегі іс. Айта кетейік, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Аманова өткен айда пара алу дерегі бойынша істі болған.

                                                                            Мөлдір Ибадуллаева