«Жалған ақпаратты қалай анықтаймыз?»: Журналистер семинарға қатысты

110

Әлемде жалған ақпарат белең алған кезеңде БАҚ өкілдерінің сауатты болуы маңызды. Өйткені олар халыққа шынайы ақпарат жеткізуі тиіс. Бүгін Шымкентте журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында семинар-тренинг өтуде.

Екі күнге жалғасатын шара Қазақстанның үш қаласында ұйымдастырылады. Жалпы мегаполистегі тренингке Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан ақпарат саласының 25 қызметкері қатысып жатыр.

«Ақпараттың рас-өтрігін қалай ажыратамыз?». Бұл сауал барлық азаматты ойландыратыны сөзсіз. Ал қоғамдағы қозғаушы күш саналатын журналистер үшін бұл ең маңызды мәселе. Бүгін Шымкентте осы тақырып аясында БАҚ өкілдерінің қатысуымен арнайы семинар-тренинг өтті.

Ананд Кришна, Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының БАҚ, мәдениет және білім бөлімінің басшысы: «Биылдан бастап қазақ тілді журналистерге аса көңіл бөлеміз деп шештік. Әсіресе, жергілікті тілшілерге басымдық бермекпіз. Бізде шағын гранттар деген бағдарлама бар. Яғни, осы секілді семинар-тренигтерге қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ біз БАҚ өкілдеріне ағылшын тілін үйретеміз.»

АҚШ консулдығы демеушілік жасаған семинарда Нидерланды мен Британиядан келген тренерлер сабақ өтеді. Тәжірибелі мамандар жергілікті журналистерге жалған ақпаратты анықтаудың жолдарын үйретпек.

Ватан Өз, «Avrupa» медиа холдингінің басшысы: «2016 жылдан бері күні бүгінге дейін менің көз жеткізгенім қазақстандық жас әріптестерім білуге құштар, үйренуге құмар. Бұл семинар барысында байқалады. Өте ақылды барлығы. Бұл мені қуантады. Өйткені біздің басты мақсатымызда жас әріптестерімізге тәжірибемізбен бөлісіп, білгенімізді үйрету.»

Алматы, Шымкент және Қостанай қалаларында өтетін семинар-тренигке шамамен 80 журналист қатысады деп жоспарланып отыр. Ал бұған дейін онлайн форматта өткен дәрістен 200-ге жуық БАҚ өклі білім алған.

Нұрғиса Төремұратова, журналист: «Қазір бірінші күннен басталып кетті. Топқа бөлініп үйрендік. Бізге берілген тапсырма былай болды. Белгілі бір сайт ашыңыздар деді. Сол сайттың мақсатын, сосын соның жұмыс әрекетін түсіндіріңіздер деді. Біз «Қазфакт» деген сайт аштық. Яғни, Қазақстанға қатысты жалған ақпараттар тарап жатса, біз соны фактчек арқылы жасап, оның рас өтірігін анықтау мақсатында сондай сайт аштық».

Жалпы статистикаға сүйенсек, ел бойынша ең көп БАҚ өкілі Түркістан мен Шымкентте тіркелген екен. Мәселен, мегаполисте өтіп жатқан семинарға осы екі аймақтың өзінен 25 журналист қатысуға ниет білдірген.

Назия Жоямергенқызы, Түркітілдес журналистер қорының президенті: «Қазір тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде өкінішке қарай жалған ақпарат белең алған. Ол жалған ақпараттың соңы адам өліміне, мүгедек болып қалуына және түрлі келеңсіздіктерге әкеп соғып жатады. Тіпті бір елде соғыс өртінің тұтануы да себеп болатын жалған ақпараттан әлбетте біздің БАҚ өкілдері абай болуы керек. Осындай жобаны қолдаған Қазақстандағы АҚШ миссиясына алғысымыз шексіз және бізді қолдағана әсіресе осы Шымкент қаласындағы, Түркістан облысындағы БАҚ басшыларына мен алғысымды айтамын. Қарамағындағы журналистер білсін, көрсін, үйренсін деп осындай екі күндік шараға уақыт бөліп жіберіп отырған».

2014 жылы құрылған Түркітілдес журналистер қоры алдағы уақытта да мұндай семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылатын айтады. Әрі болашақта әлемдік деңгейде жұмыс істеуге ниеттіміз дейді.

Мөлдір Ибадуллаева