Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданындағы соғыс ардагерлерінің үйіне арнайы барып,
Жеңіс күнімен құттықтады. Ардақты ақсақалдарға құрмет көрсетті. Түркістан облысындағы соғыс ардагерлерінің басым бөлігі осы Қазығұрт ауданының тумалары. Бұл аймақта 100 жастан асқан 4 майдангер тұрады.
Жаңабазар ауылындағы 100 жастағы ҰОС ардагері Исабай Жүзеев өңір басшысына соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. 1922 жылы Қазығұрт ауданында дүниеге келген қария жеңісті Берлинде қарсы алған көп қазақтың бірі болған. Бірнеше медаль мен ордендердің иегері.
– Жас ұрпақ, тарих сіздердің ерліктеріңізді ұмытпайды. Адамзат тарихындағы ең күрделі әрі зұлмат соғыста біздің батыр аталарымыз ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Солардың қатарында Түркістан облысының да ардагерлері бар. Ардагерлерімізге тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өйткені олар – көзі тірі қаһармандар, – деген Өмірзақ Шөкеев ақсақалмен тілдесіп, сыйлық табыс етті.
Аймақ басшысы 100 жасқа келген ҰОС ардагері Иса Телікбаевты Жеңіс күнімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Батыр аталар ел азаматтарына ақ баталарын беріп, Тәуелсіздік мәңгі болсын деген тілектерін жеткізді.
Иса Телікбаев небәрі 20 жасында
Ленинград майданына қатысқан. ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалдарының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған. 6 ұл-қыздан 17 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.
Бүгінде өңірімізде 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады. Оның ішінде 22 соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі ұрпаққа өнеге беріп жүр. Биыл оларға 1 млн теңгеден қаржылай көмек берілді. Облыста Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер саны 154 болса, 5 мыңнан астам тыл еңбеккері бар.