Тергеу изоляторына кез келген адам кіре алмайды. Дегенмен, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметкерлері мен білім беру саласының мамандарына уақытша тергеу изоляторына арнайы экскурсия жүргізді. Айта кетейік, өткен аптада сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігіне білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты 4 шағым түскен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері уақытша тергеу изоляторларында өтетін экскурсияға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері мен білім басқармасының қызметкерлерін кездейсоқ шақырған жоқ. Дәл осы саланың мемлекеттік қызметкерлеріне кейінгі уақытта тым көп шағым түсуде.
Жандос Жұмабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары: «Алдын-алу бағыты жұмыстарының негізінде абақтыда отырған тұрғындардың білім саласының қызметкерлеінің және ӘКК өкілдерін әкеліп, үй жайларды көрсету».
Шымкентте биыл 4 айдың ішінде 51 қылмыстық іс қозғалған. Оның басым бөлігі пара алу және бюджет қаражатын ұрлау әрекеттері. Тіпті кейбірі қатаң ескертуге қарамастан «оңай ақшаны» қалтаға басуға қарсылық білдірмейді.
Жандос Жұмабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары: «Білім саласындағы біздің өзіміздің ұсыныс болды. Себебі 3-4 хабарлама келіп түсті. Ата-аналар тарапынан, мұғалімдер тарапынан мектеп қабрғасындағы оқушылардан ремонтқа мұғалімдерге сыйақы, кабинетке құрал-жабдық алу үшін қосымша қаражаттар жиналып жатқан».
Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлердің жақсы көңіл-күйі камераларды көргеннен кейін біршама өзгерді.
Күніне 3 мезгіл тамақ, таза ауадағы серуен, қатты ыңғайлы болмаса да демалатын төсек-орын. Мұның бәрі ақысыз. Керісінше, мұнда заңсыз ақы алғандар түседі. Шымкенттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері шенеуніктер бұдан кейін пара алудан бұрын тағы да ойланады деп үміттенеді. Ал тергеу изоляторларынан жаңа ғана шыққан шенеуніктер өз әсерімен бөлісті.
Мәди Уәлиханов, «Shymkent «ӘКК» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының м.а: «Біз сыбайлас жемқорлықтан әркім өзі үшін ғана емес, ел үшін қызмет еткен күнде ғана құтыла аламыз. Әр адам өз ісіне адал болуы қажет!».
Біреулер әділдікті өзіңнен бастау қажет десе, енді бірі экскурсиялық бағдарламаның мазмұнын кеңейту керектігін айтады. Мысалы — мемлекеттік қызметкерлерге тергеу изоляторларында бір сағат емес, бірнеше күн өткізуді ұсынады.
Диана Мирсиеева, «Shymkent» ӘКК » АҚ баспасөз хатшысы: «Маған тергеу изоляторының ішкі жұмысы, онда адамдар қалай өмір сүретіні, не істейтіні әрқашан қызық болатын. Әрбір адам осындай жағдайға тап болуы мүмкін екенін білуі, сезінуі керек. Бұл әлеуметтік жауапкершілік. Адам заңды бұзбас бұрын, соңы неге апаратынын, кейін түрмеге отыратынын ойлауы керек. Мен осындай экскурсиялардың жиі өткізілуін және бір сағат қана емес, уақытын ұзартуды ұсынар едім».
Шенеуніктер жемқорлық жасайтындардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер екенін өздері де мойындайды. Себебі, мемлекеттік қазынаға қол жеткізе алмайтын адамның ұрлық жасауы екіталай.
Мақсат Лештаев, «Shymkent» ӘКК » АҚ комплаенс-қызметінің басшысы: «Түрмеге отырған әріптестеріміз бар. Олар сотталып кетті. Біреудің түрмеге отырғаны туралы естіген басқа сезім, ал келіп, кіріп көрген мүлдем басқа. Мемлекеттік бюджетпен айналысатын адамдар әрдайым қауіп алаңында. Бұл — бюджеттік ақша және әр адамның қателесеуі мүмкін. Бұған ешкім кепілдік бере алмайды».
Акция ұйымдастырушылары тергеу изоляторларына жасалатын экскурсияларды бұдан кейін де өткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен, әлі танысу сапарына келесі қай сала мамандарының келетіні белгісіз.
Гүлдана Дәурен