Ұлы Жеңіс ұрпақ жадынан өшпек емес!

126

Ұлы Жеңіске — 77 жыл! Үшінші мегаполисте Жеңіс күні жоғары деңгейде аталып өтті. Даңқ мемориалында батырлардың ұрпағы шеру өткізіп, ерлікпен қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.

Биыл Ұлы Жеңіске — 77 жыл толды! Шымқала жұрты Жеңіс күнін жоғары деңгейде атап өтті. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте сұрапыл соғыс куәгерлерінен тек 7 ардагер ғана қалған. Қала тұрғындары батырлар ерлігіне тағзым етіп, Отанды қорғау жолында қаза болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жақындарының есімін ұлықтап, гүл шоғын қою үшін келген жандар да аз емес. Жиналғандар ел қорғаған батырлар есімін ешқашан ұмытпауымыз керек және дәл осы күні ерекше құрмет көрсетуіміз керек деген пікірін білдіруде.

Шымкенттік тұрғын Ерлан Қарынтаев та бүгін батыр ата ерлігін ұрпаққа дәріптеу мақсатында балаларын даңқ мемориалына алып келіпті. Сөзінше, бейбіт өмір сыйлаған ата-баба ерлігін, жадымызда жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу қажет!

Ерлан Қарынтаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жайсан деген атамыз бар бұл жерде 1941 жылы кеткен. Одан ары қарай тағы соғысқа кетіп, 7-8 жылдан кейін оралған. Жыл сайын балаларды осында алып келеміз, осындай батыр аталарың бар деп, еске аламыз».

Отан үшін от кешкен батыр бабалар ел есінде мәңгі сақталады. Қала әкімі мен шаһар тұрғындары ата-баба ерлігіне тағзым жасап, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар, сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлар ұрпағы туысқан майдангерлердің фотосуреттерін алып жүрді. Жылдағы дәстүр бойынша шерулетіп, батыр ата-бабасын еске алды.

Сұм соғыста ерлік көрсеткен батырлар саны жыл сайын азайғанымен, оларға көрсетілер құрмет — артпаса кеміген жоқ. Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр Қадыр Атажанов биыл мерекені үйде қарсы алды. Майдангер небәрі 16 жасында әскерге шақырылған. Елге аман-есен оралған соң да халық игілігі үшін қызмет етуді тоқтатқан емес. Қазір 97 жастағы қария немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Қадыр Атажанов: «Ұзақ өмір, бақыт, Отанға адалдық тілеймін! Елім дейтін ұрпақ көбейсін! Ешкімге мұқтаж болмай, жұртымыз аман, еліміз тыныш, деніміз сау болсын! Келешек ұрпаққа бақ берсін!».

Соғыс жылдарында Шымкенттен 23 мыңнан астам адам майданға аттанған. Ал 11 мыңнан астам жауынгер елге қайта оралмады. Бүгінде Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының небәрі 7 ардагері тұрып жатыр. Ал оларға биыл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан 1 110 680 теңгеден мерекелік төлем берілді. Сонымен қатар, 2165 соғыс ардагеріне теңестірілген азаматтарға да 110 260 теңгеден бір реттік төлем төленді.

Гүлдана Дәурен