Алматылық онкологтар шеберлік сабағын өткізді

100

Шымкенттегі онкологиялық орталықта Алматыдан келген мамандар шеберлік сабақтарын өткізді. Жоспарланған іс-шара аясында дәрігерлер 6 түрлі ота өткізді. Медицина мамандары 60 жастағы тұрғынға жаңа құрылғы арқылы тіліксіз операция жасады. Дәрігерлердің сөзінше, видео-эндоскопиялық құрылғы көмегімен жасалған отаны науқас жеңіл көтереді әрі 2-3 күннен кейін үйге шығарылады.

Операцияны бастамас бұрын дәрігерлер арнайы экран арқылы жатырдың қатерлі ісігіне күдік анықталған науқасты тексереді. Алматыдан шеберлік сабағын өткзуге арнайы келген дәрігерлер пациенттің іш-қуысына видео-эндоскопиялық құрылғыны енгізеді. Шымкенттік пациентке жасалған кіші инвазивті отаның ерекшелігі – тіліксіз хирургиялық араласу, яғни бәрі арнайы жабдықтың көмегімен өтеді.

Ерлан Кукубасов, Алматы қалалық онкология ғылыми зерттеу институты онкогинекология орталығының меңгерушісі: «Бізде эндометрия диагнозы қойылған пациентке ота жоспарланды. Операция жетілген техниканың жаңа озық түрімен жасалды. Техника жоғары дәлдікпен дәрігерге берілген тапсырманы сәтті аяқтауына септігін тигізеді. Ота шағын инвазивті тәсілмен жасалды. Науқас 2-3 күннен соң үйіне шығарылады. Осы уақытқа дейін біз бірнеше кіші инвазивті ота бойынша шеберлік сабақтарын өткізгенбіз. Бұл дәрігерлерге біліктілігін арттыру үшін қажет».

60 жастағы әйел адамға жасалған отаның атауы – жатырдың экстрепациясы деп аталады. Бұл операция эндо-видеохирургиялық комплекстың көмегімен тіліксіз жасалды. Жаңа құрылғы арқылы жүзеге асырылатын отаның ашық әдіспен жасалатын операциядан көптеген артықшылығы бар дейді мамандар. Сондай-ақ, мұндай операциядан кейін науқас тез қайта қалпына келіп, тіпті 2-3 тәулікте үйге шығуға болады. Дәрігерлердің айтуынша, тіліксіз жасалатын болғандықтан науқастар мұндай операцияларды жеңіл көтереді.

Самат Исмаилов,  Қалалық онкологиялық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары: «Ашық есік күні аясында елімізге белгілі онкогинеколог, онкомамолог мамандар біздің Шымкент қаласының тұрғындарын тегін қабылдап , өз кеңестерін берді. Бүгінгі таңда сол институттың жетекші мамандарының қатысуымен үлкен шеберлік сабақтары өткізілуде. Атап айтқанда сүт безінің қатерлі ісігі бойынша, жатыр мойынның қатерлі ісігі бойынша түрлі күрделі оперциялар дәл қазіргі таңда жоспарлану үстінде».

Видео-эндоскопиялық құрылғы – мегаполис көлемінде алғаш рет онкологиялық орталықта орнатылып отыр. Дәрігерлер мұндай құрал арқылы ота сапасының жоғарылайтынын айтады. Сөздерінше, онкоорталықта алдағы уақытта тек радикальды ғана емес, кіші инвазивті оталар да жасалады деп жоспарланып отыр.

Гүлдана Дәурен