Шымкент қалалық перинаталдық орталықта алматылық дәрігерлер ашық есік күнін өткізді. Шарада ақ халаттыларға қауіпті топтағы жүкті әйелдер, сондай-ақ жүктілік кезінде сүт безі обырына шалдыққан науқастар қаралды. Медицина ғылымдарының докторлары болашақ аналарға қандай кеңес берді, толығырақ келесі материалда.
Бүгін қалалық перзентханаға келушілердің қарасы қалың. Науқастар оңтүстік астанадан келген мамандарға қаралу үшін, ұзын-сонар кезекте тұр. Білікті дәрігерлерден қауіпті топтағы жүкті әйелдер және онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар кеңес алды.
Алматылық ақ халаттылардын кеңес алуға келгендердің бірі — Гүлизар Мұстафаоғлы. Ол он жасынан бері қанында торомбоцит, қан жетіспеушілігіне байланысты үздіксіз ем қабылдап келеді. Мамандар, аталған диагнозбен ауыратын әйелдер үшін бала босану өте қауіпті екенін айтады. Соған қарамастан Гүлизар төртінші перзентін дүниеге әкелуге шешім қабылдаған. Жүктілік қауіпті болғандықтан, келіншекті дәрігерлер сәтті босану үшін Алматыға шақырды.
Гулизар Мұстафаоғлы, Шымкент қаласының тұрғыны: “Имунная ТРОМБОЦИТОПЕНИЯмен ауырамын бала кезімнен. Учетта тұрғаныма жиырма үш жыл болды. Алматыға барып жақсы босанып шыққанмын. Үш балам бар, бұл төртінші жүкітілігім. Тағы сол жандардың қолына барып аман есен босанамын деген ойдамын. “Узи, баланың жағдайы, бәрі жақсы деді. Уақытына сәйкес”.
Дәрігерлер преэклампсия, тромбоциттердің жоғарылауы және эпилепсиямен ауыратын науқастармен сөйлесіп, арнайы кеңес берді. Жүкті әйелдерге ем тағайындап, өлім қаупін азайту үшін олардың қандай деңгейде босану керектігін шешті.
Динара Мырзахметова, Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ төрайымы: «Біз емді әр науқастың ауруына қарай тағайындадық. Оларға арнайы мамандардан кеңес алуды ұсындық. Мысалы, науқаста тромбоцитопения болса, гематологтың кеңесі қажет. Сосын біз гематологпен кеңесіп, әйелге жүктілікті қай кезге жоспарлау керек екенін, яғни қай кезде жүкті болуға болатынын анықтап, кеңес береміз. Мұның бәрі, баланың дүниеге аман-есен келуіне, және ананың денсаулығы қалыпты болуы үшін өте маңызды”.
Алматыдан келген мамандардың қатарында маммологтар мен онкологтар да бар. Олардың айтуынша, шымкенттік әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі көп жағдайда жүктілік кезінде анықталады. Олардың көпшілігі дәрігерге қаралуға қорқып, үй жағдайында емделуге тырысатын көрінеді. Мұндай кезде қатерлі ісік тез дамитынын ескерткен сарапшылар, бірден онкологтармен байланысуға кеңес береді. Сондай-ақ, мамандар онкологиялық науқас дәл уақытында ауруханаға келіп, химиотерапияны бастаса, дерттен айығу мүмкіндігі жоғары болатынын жеткізді.
Әлия Әбдірахманова, Алматы қаласы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Маммология орталығының меңгерушісі: «Жүкті әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі анықталған жағдайда, оларға химиотерапия береміз. Аталған ем түрі босануға бір ай қалғанда бітеді. Содан кейін олар босануға барады, біз дәрі-дәрмекпен лактацияны тоқтатамыз. Яғни, бромокриптин, достинекс сынды балама дәрілер көп. Бәрінен соң, онкологияға апарамыз, олар химиотерапияны жалғастырады немесе науқасқа хирургиялық ем тағайындаймыз”.
Қаламызда алматылық дәрігерлер осындай кеңес беру шарасын әр екі ай сайын жүргізіп тұрады. Ал, төтенше жағдай кезінде кеңес беруді мамандар онлайн форматта өткізген. Жергілікті ақ халаттылардың сөзінше, науқастардың көпшілігі білікті мамандардан кеңес алуды қалайтын көрінеді. Сол себепті олар, Республикалық деңгейдегі дәрігерлерді жиі шақыруға тырысатынын жеткізді.
Темірхан Варзилов, Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері: “Әр дәрігердің біліктілігі әр түрлі. Кей кездері емделушілердің арасында денсаулығы қиын жағдайдағы адамдар да болады. Оларға телефон арқылы кеңес беру жеткіліксіз. Сол себептен ондай пациенттердің денсаулығын жеке қарап, ауытқулары болса анықтап ары қарай оның шешімін қарастыру қажет. Сонымен қатар денсаулығына алаңдаушы тұлғалар арнайы Алматы қаласынан келген дәрігерлерден кеңес алғанды қалайды”.
Алматылық дәрігерлер Шымкенттің отызға жуық тұрғынына тегін кеңес беріп, ем тағайындады. Бүгінгі шара арқылы, болашақ аналар білікті мамандарға қаралу мүмкіндігіне ие болғанына дән риза.
Аида Қарсыбайқызы