Халық қалаулылары 74 жастағы қарияға үміт сыйлады

50

Сегіз жылдан астам уақыт бойы қиындықтан көз ашпай келген шымкенттік 74 жастағы қарттың жүзіне қуаныш ұялады. Тағдырдың ауыр сынына түскен Айтбай Дүйсебаев осыдан үш ай бұрын өз баспанасынасына қол жеткізген еді. Дегенмен, ғимараттың күйі көңіл көншітерлік емес.

Ескірген шатыр мен қаусаған қабырғаны жамаудан әбден қажыған қарияға, халық қалаулылары үміт сыйлады деуге болады. Айтбай Дүйсебаевтың шаңырағына арнайы барып тілдескен олар, алдағы он күн ішінде қарияның шатырын жаңартып беруге уәде етті.

Осыдан аз уақыт бұрын, жанын жегідей жеген қанша жылдық арманы, баспанасы мен қос перзентіне қолы жеткен 74 жастағы қарияның тағы бір мәселесі өз шешімін таппақ. «Аманат» партиясының депутаттары көмекке мұқтаж қарияның халімен танысты.

Шаңырақтың шатырын қалпына келтіріп, айтулы отбасы демеушілердің көмегімен үйге қажетті бірқатар жиһаздармен қамтылатын болды. Арнайы келіп, өзімен тілдескен депутат Әйгерім Жұмағұлова мен Мұрат Жолдыхожаевтың қолдауын көріп, қария қуаныштан көзіне еріксіз жас алды.

Айтбай Дүйсебаев, зейнеткер: «Бұл кісілердің қызметтеріне жоғары одан да жоғары табыс тілеймін.  Бұларға не айтарымды, қалай айтарымды білмеймін. Қуаныштан сөйлей алмай отырмын. Жүрегі кең адамдар бар екен, сөйлеуге шамам келмей отыр».

Біз шымкенттік Айтбай Дүйсебаевтың тауқыметке толы ауыр тағдыры жөнінде бұдан алдын да айтқан едік. Зейнеткер балалары үшін барлық қиындыққа төзіп, өзіне жасалған әділетсіздікке қарсы тұрды. Алдымен өзіне тиесілі үйін, сонан соң көз қуанышы балаларын қайтарып алған еді. Десе де, жарық шатырынан су ағып, қабырғасы үгітілген баспананы қалпына келтіру ол үшін қиынға түскен. Қамқоршысы жоқ қарияға үміт сыйлаған партия мүшелері бұл мәселені де аз уақыт ішінде шешуге уәде беріп отыр.

Мұрат Жолдыхожаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, Қалалық жастарды қолдау кеңесінің төрағасы:
«Әріптесіміз Әйгерім ханымның ұсынуымен Қайнар елді – мекеніне келіп, 74 жастағы қария атамыздың жағдайын өз көзімізбен көрейік деп келіп жатқан жайымыз бар. Мына жағдайды көзімізбен көріп, Айтбай атамызбенен сұхбаттасып, ол кісіге өз уәдемді бердім. Енді Алла бұйырса ертеңнен бастап жұмысшыларды жіберіп, қанша материал кететінін, қанша қаражат кететінін есептеп, осы он күннің ішінде оң шешімін тауып, атамыздың батасын алып, қолдауға уәде бердім».

«AMANAT» партиясының фракция мүшесі Мұрат Жаңабайұлы, партияның “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайық өмір!” атты 2021-2025 сайлау алды бағдарламасы аясында, сондай-ақ, елдегі инфрақұрылым мәселесіне үлес қосу мақсатында осы сынды қайырылымдылық шараларын ұйымдастырып тұрамыз, дейді. Қамкөңіл қарияға көмектесуді өзінің азаматтық борышы санаған депутаттарға, қария ерекше алғысын білдірді.

Негізі біздің бүгінгі кейіпкеріміз тұрып жатқан үйдің шатырынан бөлек ішкі жағдайы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан қарияның шаңырағын қалыпқа келтіруге көмектесемін деген жомарт жандар тағы да табылып жатса, нұр үстіне нұр. Ал қол ұшын созамын деген жандар, төменде көрсетілге байланыс номеріне хабарласуына болады.

Айтбай Дүйсебаев: 8 702 803 61 60

Аида Қарсыбайқызы