Қаладағы айтулы базарда жүздерінен иман нұры төгілген екі қарияны кездестірдім. Кемпіріне тойға киетін көйлек қарап жүр екен. Атай еңсегей бойлы, кең иықты, нағыз қазақы кең пейілді жан екені көрініп тұр. Қосағына «бағасына қарама, ұнатқаныңды ал» деді. Екеуі де жетпіске жақындап қалған, бірақ тың көрінді. Әдемі жүздерін әжім әдіптесе де әдемі қартайыпты.
«Қосағыңыз бақытты екен, көйлек таңдап, әперіп жүрсеңіз…» деп әңгіме бастадым. «Па, шіркін, менің кемпірім адамзаттың асылы ғой» деді атай қосағына сүйсіне қарап. Екеуінің ескірмеген махаббаттары атой салып тұрғандай. Бір-бірін көзқарастарынан-ақ ұғынып, мейірлене қарайды. Үйлерінде мүлдем ұрыспайды – ау деп ойладым. Ұрысқаны несі, ұрыс дегеннің не екенін білмейтін отбасылар да болады ғой. «Осы көйлекті алсаңызшы, әдемі жарасып тұр» дедім әжейге.
«Қоя қой, ұнап тұрған жоқ. Кемпірлерский ма қалай өзі. Анау біреуі әдемі екен соны көремін-ау» деді. Көңіл жас деген осы шығар. Апам өзін кемпір санамайды. Ал шалы болса қосағының әр қимылын қалт жібермей, күлімсіреп қарап отыр.
Бақытты қарттық бұйырғаны да қандай керемет, ә…
Г.Жұмаш







