Республика бойынша шомылу маусымы ағымдағы айдың бірінен басталды. Ал шымкенттіктердің суға түсіп, шомылуға кірісіп кеткеніне бір айдың жүзі болды. Жалпы үшінші мегаполисте суға түсу үшін қай орындар қауіпсіз?
Шымкентте ауа температурасы шамамен +35 градустан жоғары. Мұндай жағдайда аптаптан тек үйде отыру немесе мұздай суға шомылу ғана құтқарады. Қошқар ата өзенінде жүрген балалар екінші нұсқаны таңдаған сияқты. Асыр салып ойнап, судың қызығына батып жүрген бүлдіршіндер мұнда достарымен, ата-аналарымен бірге келіпті.
«Су, әрине мұздай. Бірақ бізге ұнайды. Бірнеше күн болды, осында келіп шомыламыз. Өте күшті»,-дейді балалар.
Қошқар ата өзенінің бастауы мегаполис бойынша ресми түрде шомылуға рұқсат етілген орын. Қалада Шымкент әкімі бекіткен қаулыға сай тағы екі жерде шомылуға болады. Олар Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс алаңы және Бадам су қоймасындағы «Рахат бадам» демалыс орны. Сондай-ақ қаладағы бассейндерге баруға болады. Төтеншеліктердің айтуынша, қанша қауіпсіз болса да суға түскенде бірнеше ескеретін жайт бар.
Зарипа Тұрысбекова, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі: «Егер де суға батқанын сезсе үрейленбей, айқаламай өзінің бар күш жігерін жинақтап, жақын арадағы адамдар еститіндей көмекке шақыру керек. Егер ол азамат өзінің күшіне сенбейтін болса суға түсуге біз кеңес бермейміз. Міндетті түрде суда жүзу әдістерін білу керек».
Сондай-ақ төтенше жағдай департаментінің өкілдері шымкенттіктерді суға жалғыз бармауға шақырды. Өйткені, жазатайым жағдай орын ала қалса, көмекке шақыруға адам болуы керек дейді. Әрі мамандар тиым салынған орында шомылмауға кеңес береді.
Мөлдір Ибадуллаева