«Шенеуніктерге деген халықтың сенімін арттыру қажет»

68

Республикалық және жергілікті деңгейдегі халық қалаулылары Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Қаладағы №54 мектепте Абай ауданының тұрғындары жиналып, Мәжіліс және мәслихат депутаттарына өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Жиында алда болатын референдум, сонымен қатар коммуналдық мәселелер мен қоғамдық көлік тақырыбы да көтерілді.

Соңғы шешімді халық қабылдайды. 5 маусым күні Шымкент қаласының тұрғындары референдумда маңызды таңдау жасауы қажет. Қазақстан жұрты «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуін қолдайсыз ба?» деген сауалға жауап беруі керек. Референдумның сәтті өтуін халықтың жаңа бастамаларға деген сенімі деп есептеуге болады. Себебі халықтың билікке сенуі, ал биліктің сенімді ақтауы керек!

Референдум көптеген сауалдың жауабы болуы мүмкін. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы. «Аманат» партиясының депутаты Әйгерім Жұмағұлова өзгеретін уақыттың жеткенін айтады.

Әйгерім Жұмақұова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Сіздер мен біздер, халық, қарапайым тұрғындар тұрғылықты жерімізден депутат таңдаймыз. Депутат таңдаған кезде жаңа Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістер бойынша, біз депутатты өзіміз таңдаймыз. Егер депутат жұмыс істемесе, біз оны қайтарып ала аламыз».

Шымкент қаласының тұрғындарын коммуналдық және тұрғын үй мәселелері толғандырады. Сондай-ақ, олар әкімдік халыққа жақын болып, мазалаған мәселелерін шешіп беруін сұрайды. Халық қалаулылары кездесу кезінде қойылған сауалдарды тиісті мекемелерге жолдайтынын айтты.

Ғани Ташқараев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Енді осы халықтың жағдайын, халықтың қандай мәселесі бар, әр уақытта көрсетіп отыру қажет. Экономикалық даму, жастардың әлеуметтік дамуы үшін, бізді толғандырған барлық мәселе референдумда қарастырылған. Сол себепті біз оған қатысуымыз қажет».

Бесінші маусымда Қазақстанның Ата заңына түзету мен толықтырулер енгізу туралы референдум өтеді. Жалпы 33 бапқа, яғни Конституциның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізіледі. Ал ең негізгі тармақтардың бірі — суперпрезиденттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік формаға көшу, сондай-ақ қазақстандықтардың негізгі құқықтарына кепілдік беру.

 Гүлдана Дәурен