Жазғы мектеп оқушылары тарихи кешенге саяхат жасады

58

Шымкентте жазғы мектепте білім алып жүрген балалар тарихи-мәдени кешендерді аралап, танымын кеңейтіп жүр. Мектеп мұғалімдері оқушыларды мегаполистің тарихымен таныстыруда. Сондай-ақ білім саласының қызметкерлері балалар жылында бүлдіршіндерді тарихи орталықтарға ақысыз кіргізсе деген ұсыныс білдірді.

«Тым болмаса балалар жылында бүлдіршіндер тарихи кешенге тегін кірсе екен». 60 шақты оқушысын «Shumqala» мәдени орталығына алып келген мұғалімдер осындай ұсыныс білдірді. Айтуларынша, олар кешенді ақысыз қызмет көрсетеді деп естіген көрінеді.

Зәурегүл Шәріпқызы, мұғалім: «Біз оқушыларымызды осы әсем ғимаратқа қыдыртуға алып келген едік. Біз негізі ұсынысымыз бар. Осы биыл балалар жылы ғой. Сондықтан осы жерді балаларға тегін етсе болар еді. Жақсы екен, бәрі керемет орналасқан. Енді бүлдіршіндер үшін балалар үшін өмір сүріп жатырмыз ғой. Тегін кіргізсе болар еді. Біз ата-аналарға тегін деп айтқан едік. Өзіміз ыңғайсызданып тұрмыз. Өзіміз қалтамыздан төлеуге тура келіп тұр енді. Оларды кіргізбей алып кетсең тағы да болмайды».

Белгілі болғандай тарихи кешен тек әкімдік тарапынан іс-шара ұйымдастырып, ашық есік күні болған жағдайда ғана тегін қызмет көрсетеді. Ал бүгінге жоспарланған «Қолөнершілер көрмесі» ертеңге ауысыпты. Бірақ дүйім жұрт бұдан хабарсыз. Сондықтан келушілер ақы төлеп кіруге мәжбүр болды.

Жауһар Төлбасықызы, «Shumqala» тарихи-мәдени кешенінің экскурсия бөлімінің қызметкері: «Бізде кіру құны үш категория бойынша бөлінеді. Ересектерге 1000 теңге. Студенттерге 300 және балаларға 100 теңгеден қызмет көрсетеміз. Бізде 3 музей залы бар. Жалпы аумағы 4,5 га алып жатыр. Музейден осы Шымкент қаласына тән артифактілермен таныс болады. Іште өте құнды жәдігерлер бар деп айта аламын. Іс-шара уақытысы басталғананан бастап негізі кірушілер тегін кіреді».

Десе де, алаңсыз балалар жазғы мектептерін естен кетпестей өткізді. Шымкенттің ежелгі тарихымен таныстық деген олар ұстаздарына дән риза.

Сабина Қалдыкөз, мектеп оқушысы: «Ежелде адамдар қалай өмір сүргені ұнады. Адамдар киіз үйде қалай өмір сүретінін мен біліп алдым. Сол маған өте қатты ұнады. Бүгінгі күн мен ең қызықты күнім болды.

Жауаптылардың айтуынша, ашылғанына 1 жыл уақыт болған тарихи кешенге келушілер саны күн санап артып жатыр. Қызметкерлердің айтуынша, 1 айлық көрсеткіш бойынша 2900-ға жуық адам келген. Ал оның 2000-ға жуығы балалар екен.

                                                                                              Мөлдір Ибадуллаева