Роботехника саласына қызығушылығы бар түркістандық азамат мүмкіндігі шектеулі жандарға протез ойлап тапты. Мұхаммеджан Кеңесбек бүгінде жасанды қолға алдын ала тапсырыс та қабылдап жатыр. Алайда ол мемлекет тарапынан қолдау болса екен дейді. Өйткені, әлем нарығында 50 АҚШ доллары тұратын құрылғыны құрастыруға көп қаражат қажет.
Гаражда протез жасаумен айналысатын Мұхаммеджан Кеңесбек Сайрам ауданындағы, Ақсу ауылында тұрады. 19 жастағы азамат Қазақстан нарығында алғаш қимыл жасайтын жасанды қол ойлап тапты. Бастапқыда ұстазының тапсырмасымен іске кіріскен өнертапқыш қазірде мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созсам деген ниеті бар.
Мұхаммеджан Кеңесбек: «АҚШ-тың газетін оқи келе, бір мағлұматты көзім шалды. Әлемнің 15 пайызы осындай протезге мұқтаж екен. Мен осы проблеманы шешкім келді. Басқа елге қарағанда біздікі өте арзан. Ал функция жағынан басқалардан кем емес. Және біздің мемелекетте қимылдайтын протез мүлде жоқ. Және мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұған мұқтаж».
Өнертапқыш бұған дейін бір протезді жасауға 1 ай шамасында уақыт жұмсапты. Ал қазір, 2 күнде дайындап бере аламыз дейді. Өйткені, сұраныс баршылық. Қазірдің өзінде 50 адам алдын ала тапсырыс беріп үлгеріпті.
Жалпы, кішігірім шеберханада 4 адамнан құралған команда жұмыс істейді. Оның бірі 3Д дизайнымен айналысатын Ермек Асқарұлы. Ол досынан протез жасау туралы ұсыныс білдіргенде, қуана келіскенін айтады.
Ермек Асқарұлы: «Бұл жерде 3Д модель сызамыз. Адамның қолының размерін аламыз. Сондай-ақ осы жерден адамдарға көрсетеміз. Олар өз ойын айтады. Түсін де өзгертуге болады».
Жұмысын әлеуметтік желілер арқылы дамытып отырған Мұхаммеджан газ және өртке қарсы датчик жасауды да қолға алған.
Мұхаммеджан Кеңесбек: «Содан кейін біз қауіпсіздікке келдік. Бұл газ және өртке қарсы датчик. Қауіп төнген кезде қоңырау шалады. Бұған 1000 алдын ала тапсырыс жасалды. Қазір мұның 100-ін істеп жатырмыз. Көбінесе тик-ток қолданушылары қызығып жатыр. Бір құрылыс компаниясымен келіссөз жүріп жатыр».
Мұхаммеджан Кеңесбек қазір мемлекет пен демеушілер тарапынан қаржылай қолдау қажет екенін айтты. Өйткені, бір протез жасауға шамамен 1-1,5 мың АҚШ доллары керек. Әрі мұны патенттеудің өзі аз қаражатты талап етпейді.
Мөлдір Ибадуллаева