«Аптасына бір рет тауға шығамын»: Шымкенттік саяхатшы хоббиімен бөлісті

159

Диас Құралбек алғаш рет тауға шыққан күннен бері бұл хобби өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінде ол жалғыз өзі біршама саяхаттарды ұйымдастырып жүр. Аптасы бір рет тауға шығатын азаматтың айтуынша, оңтүстіктің табиғаты таң ғажайып алуан түрлі. Сондай-ақ әрбір саяхаттан үшінші мегаполистің жаңа сұлулығын танып, тамсанып қайтамын дейді ол.

Диас Құралбек, саяхатшы: «Мен саяхаттап жүргеніме 4 жылдың шамасы болды. Мен үшін саяхат деген-өзіңді және әлемді тану, түрлі адамдармен танысып, одан ләззат алу. Шымкент табиғаты шөл даладан биік тауларға дейін шоғырланған ерекше табиғат. Бізде 4000 метр биіктіктегі таулар, сонымен қатар шөлдер, көлдер, өзендер, каньондар бар. Біздің аймақ әлі зерттелмеген, бірақ көптеген қызықты жерлерді ашуға болады».

Көкке шығып, саяхат жасап жүрген 21 жастағы азамат бірнеше шет тілін де жетік меңгерген. Сондықтан ол Шымкентке келген туристерге жиі қызықты саяхаттар ұйымдастырып отырады.

«Мен негізі шетелдіктерге аудармашы болып жұмыс істеймін. Ал біз тауға шыққанда олар біздің табиғатымызға таң қалады және бізде таулар, осындай әдеміліктер, тіпті сарқырамалар бар екеніне таң қалады»,-дейді Диас.

Диас жаяу серуендеу және шет тілін үйренуден бөлек экстрималды спорт түрлерімен де айналысады. Альпинизм, шаңғы тебу, велосипедпен жүру адамға жағымды эмоция мен адреналин береді дейді ол. Сондай-ақ саяхатшы алдағы уақытта түрік, испан, итальян, португал және қытай тілдерін үйренуді, әрі Қазақстанның шығыс өңіріне велосипедпен үлкен саяхат жасауды жоспарлап отыр.

«Мен Еуропаны, Қазақстанның шығыс бөлігіндегі Қырғызстанды аралап, үлкен саяхатқа барғым келеді және мен өз халқымызға, достарымызға, Шымкент қаласының тұрғындарына саяхатқа барыңыз дегім келеді».

Саяхат кезінде Диас табиғаттың барлық сұлулығын суретке түсіріп, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға тырысады. Әрі саяхатшы алғашқы «Өмір=шытырман оқиға» деп аталатын жеке фотокөрмесін ұйымдастырды. Онда әр түрлі жастағы азаматтар табиғат ғажайыптарын бірге тамашалай отырып, әдеміліктен шабыт алады.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева