Бір аптада 686 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған

76

 Шымкент қаласы 2022 жылдың 5-ші ақпанынан бастап «жасыл» аймақта. Дегенмен, кейінгі екі аптада коронавирусты инфекция жұқтырғандар саны күрт өскен. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы мәлімдеді.

Жалпы 2022 жылдың 1 қаңтары мен 17 шілде аралығында COVID-19 инфекциясымен 7729 жағдай тіркелген, ал соңғы аптада вирус жұқтырғандар саны – 686. Шымкентте короновирустық індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Гүлдана Дәурен тарқатып айтады.

2022 жылғы 1 қаңтар мен 17 шілде аралығында короновирус инфекциясын жұқтырған 7729 жағдай тіркелген, ал тек кейінгі аптаның ішінде 686 адам вирус жұқтырған. Үшінші мегаполис жасыл аймақта болғанымен, індетті жұқтырғандардың күрт өсуі жағдайды ұшықтыруы мүмкін дейді мамандар.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қалалық СЭБД басшысы: ««COVID-19 инфекциясымен өткен тәулікте 66 жағдай тіркелді, оның ішінде симптоммен – 51 медициналық көмекке жүгіну арқылы анықталған, симптомсыз – 15 алдын алу тексерулері кезінде анықталған. 18 жасқа дейінгі балалар арасында 13 жағдай тіркелді. Қарым-қатынаста болған 375 адам медициналық бақылауға алынды».

Сала мамандары короновирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында бірқатар кеңестер ұсынды. Яғни, аса қажеттілік болмаған жағдайда, көп адам шоғырланған жерге бармаған дұрыс, ал қоғамдық орындар мен автоубстар медициналық бетперде киген жөн. Дегенмен, қала карантинге жабылмайды.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қалалық СЭБД басшысы: «Қалада науқастарды ерте анықтау және індеттің таралуына жол бермеу мақсатында COVID-19-ға ПТР тексерулер 15 зертханада жүргізіледі, олардың жұмыс қуаттылығы тәуілігіне орташа есеппен 100-180 зерттеулерді құрайды. Соңғы тәулікте 431 зертханалық тексерулер жүргізілді, оның ішінде оң нәтижесімен – 66».

Қаланың бас санитар дәрігері әлеуметтік желілерде «вирусты ауаға шашып, қайта таратып жатыр» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Сондай-ақ, жаз мезгілі болғандықтан түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы дезинфекция жұмысы жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Сол себепті қала тұрғындарын тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Гүлдана Дәурен