Ел президентінің төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Қасым Жомарт Тоқаев қарқынды жұмыс жүргізілмесе үкіметті тарататынын айтып, жиынға қатысушылардың бірқатарына қатаң сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысының сөзінше, кейбір тапсырмалар уақытында жүзеге асу былай тұрсын, тіпті басталмаған да. Отырыста ел президенті баға тұрақтылығы, қант тапшылығы мен қарапайым қазақстандықтардың жалақысы туралы да сөз қозғады.
Еліміздің көптеген өңірінде тұрғындардың табысы белгіленген республикалық орташа деңгейге де жетпейді. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы уақытта нақты табыс көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құлдыраудың көптен бері болмағанын айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары тұрғындарының табысы орташа деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы мен Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кеткен. Ағымдағы жылдың мамыр айында азаматтардың нақты табысының деңгейі минус 2,9%-ды құрайды».
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы айтарлықтай пайда әкелмеді. Елбасының тапсырмасы бойынша құралған әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны жобасында да әлі нәтиже жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Тағы да ескертемін. Облыс басшыларының жұмысын бағалағанда осы көрсеткішке ерекше мән береміз. Жұмыс орындарының ашылуы адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы осыған байланысты. Сондықтан үкімет әкімдермен бірге бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын саралау керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық сақтандыру жүйесінің де ақсап тұрғанын айтты. Себебі дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда созылмалы аурулар әсерінен болатын өлім-жітім бойынша жағдай әлдеқайда күрделі. Сондықтан да Президент үкіметке медицина саласын дамыту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Медицинаны қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, бұл салада қордаланып қалған мәселелер шешімін таппай келеді. Медициналық сақтандыру жүйесі пайдалы болмады, әлі нақты нәтиже де жоқ. Үш миллионнан астам адам медициналық тұрғыдан сақтандырылмаған. Осыған байланысты олар толық медициналық көмек ала алмай отыр».
Сондай-ақ мемлекет басшысы қазақстандықтардың басты мәселесі – бағаның тұрақсыздығы, елдегі қымбатшылық жайында да сөз қозғады. Ел президенті үкіметтің бағаны тұрақтандыру үшін жасап жатқан шаралары тиімсіз екенін нақты айтады. Ол өзінің қарамағындағыларға инфляцияны «ескі әдіспен» тоқтатуға тырысасыңдар деп айыптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Үкімет бюджеттен қосымша қаржы бөліп, бағаны тек жасанды әрі уақытша түрде реттейді. Яғни, бұл қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес. Шындығында, бәрі керісінше болуы керек. Үкімет барлық жауапкершілікті аймақтарға жүктеп қояды. Олар болса әкімшілік ресурсты пайдаланып, сауда орындарын аралап қана қояды. Одан басқа жолдар мен жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан нәтижелі болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңына сай келетін жаңа ұстаным жоқ».
Тоқаевтың айтуынша, азық-түлік инфляциясы 19,2 пайызға жетті. Тітті кейбір азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда екі еселеп өсіп кеткен. Ал өңірлерде соңғы аптада қант тапшылығы қатты байқалып жатыр, себебі бағасы шарықтаған шекерді сатып алуға келгендер ұзын сонар кезекте тұр, бұл үкімет үшін ұят нәрсе.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Біз 90 пайыз импорттық қантқа тәуелдіміз. Бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімдерге иек артуға болады, бірақ қалай болғанда да, бұл үкіметтің өрескел қателігі. Бұл жауаптылардың мемлекет ұстанымын қорғамағанын білдіреді. Үкімет тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеуі қажет. Мақсат – импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетіп, мемлекет өзін-өзі қамтамасыз етуге кезең-кезеңімен көшу керек».
Президенттің айтуынша, отандық және шетелдік инвесторлардың аталған салаға қызығушылығы жоғары, тек дұрыс тәсілдер қолдану қажет. Сондықтан ол үкіметке мәселенің тез арада шешімін табуды тапсырды.
Әсел Мәлік