Көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды

83

Шымкентте көпбалалы отбасыларға елорда күні қарсаңында пәтер кілті табысталды. Мерекеге орай шымкенттік 40 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Ал жыл соңына дейін Шымкентте 1605 жалдамалы пәтердің кілті табысталмақ. Тұран шағынауданында баспаналы болған алтын құрсақты аналардың қуанышында шек жоқ.

5 бала тәрбиелеп отырған Гүлайым Жаппарқұлова 2015 жылдан бері үй кезегінде тұр. 7 жылдан бері баспаналы болуды армандаған отанасы бүгін 3 бөлмелі пәтер кілтін қолына алды. Бұған дейін «Теріскей» шағынауданында 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып келген отбасының енді «Тұран» шағынауданында өз баспанасы бар.

Гүлайым Жаппарқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кірген кезде сапасы ұнап жатыр маған, коридор мықты, жарық, бәрі ұнап жатыр. Тұран шағынауданының өзі де перспективасы мықты деп естіп жатырмыз».

Жалдамалы пәтер иелері үйдің аумағына қарай ай сайын 6 мың мен 10 мың аралағында төлейді. Қазір Тұран шағынауданында көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып отыр.

Дайын тұрған 200 пәтердің жартысы көпбалалы аналарға берілсе, қалған бөлігі жұмысшы жастарға үлестіріледі деп күтілуде.

Жанат Өтебаева, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы: «Бүгінгі қоныс тойлап жатқанымыз Тұран мөлтек ауданында. Бұл жерде 90 пәтер беріліп жатыр. Жылдың басынан бері берілген пәтер саны -338. Арендалық үймен жылдың соңына дейін қамту 1605 пәтермен қамту жоспарланып отыр».

Айта кетейік, мұндағы барлық пәтерлер сатып алу құқығынсыз беріледі. Жалпы, биыл Шымкент қаласында әлеуметтік әлсіз топтар мен жұмыс істейтін жастарға 1 605 арендалық пәтер беру жоспарланған. Соның ішінде 476-сы көпбалалы отбасы, 54-і жетім балалар, 857-сі жұмыс істейтін жастарға табыс етіледі.

Гүлдана Дәурен