Мұз сарайы кешені аумағында «Мобильді Арбат-2» жобасы өтті

63

Шымкентте «Мобильді Арбат – 2» іс-шарасы өтті. Онда үшінші мегаполисте кәсібін жаңадан бастаған қолөнершілердің көрмесі қойылып, түрлі шеберлік сабағы өткізілді. Арбат демалыс аймағында бастау алған жобаның 2-ші бөлігі «Мұз сарайының» аумағында болды. Аниматорлық шоу, қуыршақ театрының қойылым, көше әртістерінің ән кеші болған думанды жоба қызықты өтті.

 

Қолөнерші Шолпан Ыбыраева бүгінгі іс-шараға 25 тақия тігіп дайындап әкеліпті. Бұған дейін құрақ құраумен айналысып келген әйел жыл басынан бері тақия тігетін көрінеді. Этно бас киімнің жаңа үлгілерін ойлап таптым деген Шолпан Ыбыраева қолөнершілерге мол мүмкіндік беретін жобалардың көбейгенінен қуанышты.

Шолпан Ыбыраева, Шымкент қаласының тұрғыны, қолөнерші: «Мұндай іс-шаралар үнемі болып тұрады. Бізді туризм шақырып тұрады, қай жерде болса да алдын-ала айтып қояды, біз дайын болып сол жерге барамыз. Бүгін осы жерге шақырды, сағат 16:00-ден бері осы жердеміз. Бүгін тақиялар әкелдік, үлгермегенімді шетінен жасап жатырмын. Мына жерде қазір 25 тақия бар. Басқа да бұйымдар ала келдім, бірақ тақиялар жақсы өтіп жатыр».

Ал зергер Бауыржан Жетпісәлиев «Мобильді Арбат-2»  жобасына өзінің жаңа туындыларын сатылымға шығаруға әкелген. Ағаштан сөмке жасаумен айналысып жүрген зазамат, сұраныстың көп екенін айтады. Тіпті бұйымдарын көрмеге шығарған уақыттан бастап бірнеше сөмкесін сатып үлгерген екен.

Бауыржан Жетпісәлиев, Шымкент қаласының тұрғыны, қолөнер шебері: «Мұнымен жұмыс жасап жатқанымызға 6 ай болды. Оның алдында оқыдық, үйрендік, курстан өттік. Интернеттен сабақ алып үйрендік, сөйтіп осы салаға ауыстық. Бұл ешкімге ұқсамайтын эксклюзивті жұмыс деп айта аламын. Жеке шығармашылығымыз шықсын, халыққа таныстырайық дедік. Тұрғындардың да көзі үйреніп, осындай экслюзивті  сөмкелер ұстасын деген мақсатта шығарып жатырмыз».

«Мобильді Арбат – 2» жобасы тұңғыш рет сәуір айында өткізілген. Арбат демалыс аймағында басталған іс-шара қаланың әр бөлігінде жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар. Жергілікті шеберлердің өнерін насихаттауға бағытталған жобаның жалғасы «Мұз сарайы» кешенінде жалғасты.

Мұнда қолөнер бұйымдарымен қатар, ұлттық нақыштағы киімдерді табуға болады. Сондай-ақ, экосөмке, орамалдар, кимешек, тіпті этнотақиялар бар. Соның бірі — менің басымдағы соңғы үлгідегі тақиялар. Оның бір ерекшелігі — осындай заманауи кимдермен де үйлестіруге де болады.

Кәдесый өнімдері, киізден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы зергерлік заттар сатылымға шығарылған жоба қала тұрғындары мен қонақтарының да көңілінен шықты.

Жергілікті тұрғындардың бос уақытын барынша тиімді пайдаланып, демалуына, көңіл көтеруіне жағдай жасау. Осындай игі мақсат аясында еңбек етіп отырған Мұз сарайы кешені, «екінші арбат» статусына ие болды. Қуыршақ театры, аниматорлық шоу, көше әртістерінің ән кеші, түрлі шеберлік сабақтары – мұның бәрі мобильді арбат жобасының аясындағы іс-шаралар. Мұз сарайы әкімшілігі енді кешен аумағында түрлі жәрмеңкелердің үнемі өткізіліп отыратынын айтты.

Ал жобаның басты ұйымдастырушыларының бірі Ерлан Умаров іс-шараны өткізуге мүмкіндік берген «Мұз сарайы» кешенінің басшылығына алғыс айта отырып, егер мекемелер ұсыныс білдіріп жатса, жоба жиі жүзеге асырылып отыратынын жеткізді.

Ерлан Умаров,  «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының басшысы:  «Негізгі концепция — бір көшені толық жауып, туристік индустриядағы қолөнершілер, кәдесый, құмыра жасау шеберлеріне, басқа да осы саладағы қызметкерлерге, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Келесі осы «Мұз сарайы» әкімшілігімен келісе отырып, осы жерде өткіздік. Осылай-осылай үйреніп, қала тұрғындары біліп тұратын дәстүрлі түрде өткізілтені, кәсіпкерлер де ықыласпен келіп қатысып тұратындай іс-шараға айналдыру – мақсатымыз».

Келушілерге мұз сарайы кешенінің аумағында тамақтануға арналған орын мен уақытын қызықты өткізгісі келетін жандар үшін роликті мұз айдыны бар. Ал бірнеше сағатқа созылған «Мобильді Арбат -2» жобасы кешкі аспан астындағы кинокөрсетіліммен аяқталды.

Ерекше атап өтетін жайт, енді мұндай тегін кино әр жұманың кешінде қойылатын болады. Мұз сарайы кешенінің басшылығы қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін мұндай жобалардың аясын кеңейту жоспарлап отырғанын айтады.

 

Мекен жайы: Желтоқсан 15/2
Байланыс нөмірі: +7 778 500 00 38