Қаланың бас жоспарына қатысты ұсыныс білдіру кезеңі аяқталды

55

Шымкенттің бас жоспарының жаңартылған нұсқасы бойынша ұсыныс-пікір жинау аяқталды. Бір ай бойы қала тұрғындары арнайы жасақталған көрмеде өздерінің ұсыныстарын жазып қалдырды. Бірі қалада саябақтың көбірек болғанын қаласа, енді бірі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өз ойларын білдірген. Шымкентте мектеп пен балабақшаның көп болғанын қалайтындар да аз емес. Алдағы 10 жылда еліміздің үшінші мегаполисі қай бағытқа қарай дамиды?

Қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізуге тұрғындар белсене атсалысып жатыр. Тек бір айдың ішінде басты жоспардың үлгісі орналасқан көрмеге 2000-нан астам адам келген. Ал 149 тұрғын өз ұсынысын білдірген екен. Оның ішінде инженерлік инфрақұрылым, жол және қоғамдық көлік салалары бар. Жалпы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 11, сондай-ақ, экология мәселесі бойынша 11 ұсыныс келіп түскен. 24 тұрғын саябақ, шағын бақ салу және қаланы көгалдандыру бойынша өз ойларын білдірген. Ал 9 адам балабақша, мектеп және мұражайлар көп болса екен деген тілегін білдіріпті.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мұның бәрін біз сараптама жасаймыз. Әрбір ұсыныс түскен адаммен кері байланыс орнатып, оларға хабарласып ұсыныс қабылданды немесе жоқ дегенді айтып, оның себебін түсіндіреміз. Жалпы 149 адамның бәріне жауап береміз».

Қазіргі уақытта мегаполистегі құрылыс жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Жаңартылған бас жоспарды талқылаудың екінші кезеңі тағы бір айға созылады. Ал одан кейін жоба қалалық мәслихатқа жіберіледі. Басты жоспар бойынша Шымкентте жасыл-желекті 5 есе көп отырғызу жоспарланып отыр.

Ержан Нұрасханов, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: «Қаланың дамуы негізі геологиялық құрылысына байланысты жердің бет-бедері, асты қандай құрылысқа ыңғайлы бұл солтүстік бағытқа қарай. Сондықтан негізгі құрылыстар, көпқабатты тұрғын үйлер, үлкен құрылыстар таға секілді шығыс жағына қарай алады».

Енді алдағы 1 айда қала тұрғындарының ұсыныс-тілектері қаралып, талқыланады. Ал бас жоспардың соңғы нұсқасын шымкенттіктерге 2022 жылдың күз айларында ұсынады.

Гүлдана Дәурен