Шымкентте қоқыс жәшігін заңсыз пайдаланатындар көбейген

53

Шымкентте қоқыс контейнерлерін заңсыз пайдаланатындар тыйылмай тұр. Қоқыс жәшігіне құрылыс материалдарын шығаратын жеке үй тұрғындары көп қабатты пәтерде тұратын азаматтарға кедіргі келтіруде. Өйткені, компаниялар қатты қалдықтарды алмайды. Жалпы мегаполисте мұндай ереже бұзушылықтар көп пе? Мамандар қандай кеңес береді?

Үшінші мегаполистегі қалдық тасталатын орындар құдды қоқыс полигоны іспетті. Құрылыс заттарынан бастап, жарамсыз жиһаз, автокөлік бөлшектеріне дейін жол шетінде шашылып жатыр. Бұған қоқыс жәшігін заңсыз пайдаланатындар кінәлі дейді жергілікті тұрғындар. Айтуларынша, тұрмыстық қалдық уақытылы тазаланып отырады. Бірақ бұл қоқыстың азаюына сеп болмай тұр.

Райхан Имебаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Негізі қоқысты жеке секторға тастаймыз. Заңсыз пайдаланатындар қоқысын көбінде түнде әкеледі. Құрылыс заттарын, жиһаздарын әкеліп тастайды. Біз бірдеңе айтсақ, балағаттап шыға келеді».

Тұрғындар тұрмыстық емес қоқыстарды негізінен сол маңайдағы жеке үйдегілер шығарады дейді. Ал қоқыс жинаушы компаниялар қатты қалдықтарды алмайды. Сондықтан, олар қалып кеткен қоқысты көпқабатты тұрғын үйлердің контейнеріне тастайтын көрінеді. Бүгінде Абай ауданының өзінде 15 қоқыс тастайтын орында дәл осындай мәселе бар. Жергілікті әкімдік тазалық жұмыстары күн сайын жүретінін айтады. Ал, қатты қоқыстарды аптасына бір рет арнайы техниканың көмегімен жинатуға мәжбүрміз дейді.

Шерхан Кеңес, Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы: «Жаз мезгіліне байланысты, көптеген үйлер құрылыс жүргізеді. Сол құрылыс қалдықтарының бәрін қоқыс контейнерлерінің айналасына тастайды. Кешке қарай жеке көлік пен жүк көлігімен тастап кететін жағдайлар бар. Оның бәрін біз аптасына бір тазалап отырамыз».

Сондай-ақ Абай ауданының әкімдігі апта сайын қоқыс контейнерлерін заңсыз пайдаланатындарға рейд жүргізіп отырады. Мәселен, соңғы аптаның өзінде ереже бұзған 12 жайт тіркеліп, оларға ескерту берілген. Әкімдік жеке үй тұрғындарына қатты қоқыстарды шығару үшін компаниялармен арнайы келісімшарт жасасуға кеңес береді.

                                                                                                    Мөлдір Ибадуллаева