Шымкентте қоқыс жәшігінен әйелдің сөмкеге салынған мәйіті табылды

137

Шымкенттік тұрғын қоқыс тастауға арналған контейнерден әйел адамның мәйітін тауып алған. Полицияға жантүршігерлік оқиға туралы хабар ақпан айының бірі күні таңертең келіп түскен. Көрпеге оралып, тұрмыстық сөмкеге салынған әйелдің денесі Ә. Жангелдин көшесіндегі қоқыс жәшігінен табылды.

Қала орталығында орналасқан қоқыс жәшіктерінің бірінен әйел адамның денесі табылды. Марқұм шамамен 35 жаста болған. Мәйітті алдымен сөмкеге салып, үстін көрпемен жапқан, содан соң қоқыс жәшігіне тастаған. Әйелдің мүрдесін жергілікті тұрғын кездейсоқ тауып алған. Ирсай Жұманова «мәйітті көргенде өте қатты қорыққаннан, қашып кеттім» дейді.

Ирсай Жұманова, растаушы: «Мен таңертең осы жақтан өтіп бара жатқанмын. Сағат шамамен 10 болып қалған еді. Қоқыс жәшігінің бет жағында нан салынған пакет болды. Ал мен оны үйдегі малға беру үшін алмақшы едім. Пакетті алдым, ал оның астында сөмкеге салынған денені көрдім. Өте қатты қорыққан соң, қашып кеттім. Содан кейін такси жүргізушілерін көріп, оларға бәрін айтып бердім. Сосын олардың біреуі учаскелік полицияға қоңырау шалып, шақырды».

Әйелдің денесі Ә. Жангелдин көшесіндегі қоқыс жәшігінен табылып отыр. Тергеушілер оқиға орнына тез арада келіп жеткен. Куәгерлер, марқұмның киімі таза болғанын, алайда үсті-басы қанға боялғанын айтады. Сондай-ақ, олардың сөзінше әйелдің бет-аузының сау тамтығы қалмаған.

Юля Зайкинв, қала тұрғыны: «Оқиға орын алаған жерге жақын жерде тұрамын. Менің дәріханаға баруым керек еді. Өтіп бара жатқанда көптеген полиция қызметкерін байқадық, біз түсінбей қалдық. Қоқыс жәшігінен сөмкеге салынған адамның денесін алып жатты. Бет-аузының сау-тамтығы қалмаған, үсті-басы қан, аяғында аяқ киімі жоқ. Оның киімі, оралған көрпесі, жастық барлығы тап-таза болды. Тек қанға боялған».

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ал мәйіттің жеке басын анықтау жұмыстары туралы құқық қорғау қызметкерлерінің айтары мынау ғана болды.

Батырбек Мырзагелдиев, Әл-Фараби ауданы полиция басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары: «Аталған жайт Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлерімен ҚР ҚК 99-бабы «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, қазіргі таңда күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде».

Оқиға орнына жақын жердегі жол бойында бейнебақылау камерасы орналасқан екен. Ол қылмысты ашу үшін құқық қорғау қызметкерлеріне көмектесуі мүмкін дейді тұрғындар.

Айта кетейік, қазіргі таңда полиция ҚК-тің «кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Гүлдана Дәурен