«Басымбек ата» мал базары 6 ай бойы заңсыз жұмыс істеп келген

52

Шымкентте 6 айдан бері мал базары санитар мамандардың рұқсатынсыз жұмыс істеп келген. «Басымбек ата Сайрам мал базарында» әр жұма күні саудаланатын тұяқтылар талапқа сай орналастырылмайды екен. Бұл сайып келгенде жұқпалы аурудың өршуіне әкеп соғуы мүмкін дейді мамандар. Алайда, құзырлылар сауда орталығының қызметін сап тыюға қауқарсыз.

«Басымбек ата Сайрам мал базарына» әр аптада шамамен 500-ге жуық мал әкелінеді. Олардың дені шетелден келетін көрінеді. Бірақ мұнда заң талаптары сақталмаған. Өйткені, СЭС мамандары базардың жұмыс істеуіне рұқсат бермеген екен. Бұған пысқырып та қарамаған базар әкімшілігі 6 айдан бері ретсіз саудасын жүргізіп келген дейді жауаптылар.

Ал, жүргізілуі тиіс дезинфекция жұмыстары атымен жоқ. Әкімдік өкілдері мұндағы басты мақсат – төрт-түлік малдан тарайтын қауіпті әрі жұқпалы аурулардың алдын алу дейді.

Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі: «Мақсатымыз — халықтың қауіпсіздігін сақтау. Қалаға қазір қаншама мал кіріп жатыр. Оның бәрі алыс-жақын қалалардан келіп жатыр. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Малдан кішігірім бір ауру шығатын болса соның өзі жетеді қаланы жауып тастауға».

Жалпы талап бойынша мал базары жолдан 50 метр, тұрғын үй мен ғимараттардан 200 метр алшақ салынуы тиіс екен. Алайда, бұл базарда ереже сақталмаған. Мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстары да талапқа сай болмай шықты. Сондықтан, кәсіпкерге 1 млн. 346 мың тг айыппұл салынған. Қазіргі таңда іс сотқа жолданды дейді жауаптылар.

Жасұлан Мамырбеков, Шымкент қаласы орта сапасы бақылау басқармасының бас маманы: «Мал базарында құрылыс нысаны жұмыс жобасы салынғаны бойынша. Ол авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз жүргізілгені, және тиісті мемлекеттік органға хабарлама ұсынбай, құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізгені үшін ӘҚК 316 бабының бірінші бөлігіне сәйкес, 321 бабына сәйкес және 463 баптың бірінші бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, қазіргі таңда жер телімін меншік иесіне қатысты шара қолданылды».

Жергілікті тұрғындар да базар қызметіне қарсылық білдіріп отыр. Малдан тарайтын ауру дендесе, ауыл халқы жапа шегеді деп алаңдайды. Яғни, халық та барлығы заңды болғанын талап етеді.

«Барлығы заңды түрде болсын. Қандай мал келіп-кетіп жатқанын білмейміз. Ауру шығып қалса ауыл халқына қиын болады. Ауылды толық жауып тастайды ғой»,-дейді тұрғындар.

Ал базар өкілдері өздерінің 6 ай бойы заңсыз жұмыс жасап келгендерінен бейхабар болып шықты. Енді ғана ескерту берілді деген олар алдағы уақытта заң талаптарына сай жұмыс істейміз деп отыр.

Мұрат Мариев, базар есепшісі: «Навесті 300 метр ары қозғаңыздар деді. Қозғаймыз дедік. Үлкен жолдан 50 метр қашық болсын деді. Істейміз дедік. Дарбазаны ішке қарай қоятын болдық. Мұның бәріне уақыт керек».

Жауаптылар алдағы жұма күндері «Басымбек-ата» мал базары жұмыс істемейтінін ескертеді. Дегенмен, базар басшылығы бұл шешімге келіспей отыр. Ал, құзырлы орган өкілдері бұл мәселе бақылауда болатынын айтты.

Мөлдір Ибадуллаева