Шымкентте жолдардың құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жұмыс тіпті мереке күндері де жалғасады. Қала әкімі құрылысты аяқтауға аз ғана уақыт берді. Яғни, 2023 жылы Д. Қонаев даңғылынан Бадам өзеніне дейінгі жол төсемі пайдалануға берілуі қажет.
Ішкі коммуналдық желілер бойынша мәселелер толығымен аяқталуға жақын. Жақын арада есептік жиында қала әкімнің орынбасары атқарылған жұмыс пен маңызды мәселелерді баяндайды. Ал салынып жатқан ұзындығы ондаған шақырымдық жол Шымкент – Ташкент тас жолын жалғайды.
Бұл аймақта жұмыс тек демалыс күндері ғана емес, түнде де жүргізіледі. Құрылысшылар барлық жұмысты өз уақытында, яғни 2023 жылдың соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Шымкент қаласының әкімі нысанға ескертусіз, тұрақты түрде келіп, тексеріп отырады.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл ең күрделі кезең, ұзындығы ең ұзақ та осы екінші кезең. Ол мынау Қошқар ата өзенінен Бадам өзеніне дейін жалғасады. Өткен жолы біз үшінші этапты ашқан болатынбыз 6-шы шілдеде. Тәуелсіздік көшесінде және автовкозалдың алдында да көпір болады. Д. Қонаев көшесі астынан өтеді. Бұл жерде ең басты кедергі болып отырғаны- мына жердегі ғимараттарды, үйлерді сатып алу. Үй иелері бағасымен келіспеген жағдайда соттасу деген секілді мәселелер».
Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық құрылысы да қарқыныды жүріп жатыр. Әкім орынбасары Мақсұт Исахов мердігерлерден жұмысты мерзімінде тапсыруды ғана емес, сапаға мән беруді де талап етеді. Жерасты өткелдерінде де жөндеу жұмысы аяқталуға жақын.
Мердігерлер құрылысты уақытында аяқтап, жұмысты қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатындай жасайтындарын атап өтті.