Қазақстан дәріханаларында дәрі-дәрмек бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте айтылды. Себебі, министрлік белгілеген баға кейбір дәрілер үшін тиімсіз болып отыр. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар украиндық препараттардың алмастырылған баламалары жөнінде сөз қозғады.
Қазақстанда бірқатар дәрі-дәрмек бағасы қымбаттауы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі фуратонин, андипал, деолозин, ибуфен секілді дәрілердің шекті бөлшек сауда бағасын белгілегендіктен, олардың кейбірі дәріханада тапшы. Сондай-ақ, аталған дәрілерді сатып алу да тиімсіз болып отыр. Бұл дәрілердің бағасы 50 теңгемен 1000 тг аралығында. Осы себепті, енді департаменттің бұйрығына өзгерістер енгізілмек.
Бауыржан Байсеркин, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы: «Арнайы i-teka сайты бар, мысалы, диазолинде. Біз жақында ғана қарап шықтық, ол әртүрлі дозаларда қол жетімді. Бірақ біздің көтерме және бөлшек бағалар жылына екі рет қайта қаралатынын айтқым келеді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталды, бұйрық монополияға қарсы департаментпен, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы және бизнес құрылымдармен келісіп жатыр».
Дәл осы себепті дәрі-дәрмек бағасы көтерілуі мүмкін. Жақын арада бұйрықты Әділет министрлігі бекітеді, содан кейін ол күшіне енбек. Сонымен қатар, брифингте украиндық препараттар туралы да айтылды. Олардың 80% -ның баламасы табылды. Геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты «СҚ-Фармация» украиналық компаниялармен барлық келісімшарттарды бұзуға мәжбүр болды. Десе де, бұл елімізді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге әсер етпейді, дейді мамандар.
Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы: «Бастапқыда, оқиғалар орын алған кезде, форс-мажорлық жағдайға сәйкес, біз 19-ға жуық тауарды алып тастап, сатып алдық. Оларды ішінара үнділік, қытайлық, мысырлық, еуропалықтар алмастырды. Бүгінде, 80 пайызға жуығы ауыстырылды. Ал енді алтауын сатып алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз».
«СҚ-Фармация» Украинадағы жағдайдың логистикаға қатты әсер ететінін жеткізді. Қазір дәрі-дәрмек жеткізудің балама жолдары әзірленіп жатыр. Бұл біраз уақытты қажет етеді, соған сәйкес құны да артады. Ал Дәрі-дәрмек саясаты департаменті бюджет есебінен балалардың омыртқа бұлшық еттерінің атрофиясын емдеуге арналған «Спринраза» препаратын сатып алуды көздеп отыр.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры: «Қазақстанда науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету біз бекіткен тізім бойынша жүзеге асырылады. Яғни, амбулаторлық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында біз ұсынатын аурулар мен дәрі-дәрмектер тізбесі анықталды. Дегенмен, дәл қазіргі кезде «Nusinersen» бұл тізімге кірмейді. Былтырдан бері осы препарат бойынша жұмыс жүргізілді. Оны осы тізімге енгізу үшін, ол бірқатар процедуралар мен сараптамалардан өтеді, оның жарамдылығы мен жалпы әсері бағаланады. Бүгінгі күні бұл процедуралар аяқталды, тізімге өзгертулер енгізілген бұйрық жақын арада шығарылады және біз оған осы «Nusinersen» препаратын қосамыз. Бұл жұлын бұлшықет атрофиясы бар балаларға арналған».
Аталған препарат 350 баланы қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Сапасы мен қауіпсіздігі кепілдендірілген дәрі-дәрмек, оны қажет ететін балалардың барлығына бірден сатып алынады.
Аида Қарсыбайқызы