М.Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады

88

Шымкенттегі білім ошақтары алғашқы қоңырау күніне дайындығын бастап кетті. Бірі концерттік бағдарламаға дайындалса, енді бірі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала басшысы Мұрат Әйтенов құрылыс жүріп жатқан білім ордаларына барып, жұмыстың қарқыны мен сапасын бақылап қайтты. Қандай кемшіліктер анықталды? Балалар жаңа оқу жылын өз мектептерінде бастай ма?

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов мектеп құрылыстарын аралау барысында бірқатар кемшіліктерді байқап, ескерту жасады. Мәселен жөндеу жұмысы жүріп жатқан № 11 білім ордасында турникет орнатуға кабель қойылмаған. Шаһар басшысы мұны дер кезінде ескеріп, олқылықтың орнын толтыру керек екенін айтты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мында кабель болу керек қой. Кабельді қайдан әкелесіз? Турникет батерейкамен істей ма? Болмайды бұлай. Меніңше, мына жерде турникеттің кабелі болу керек еді. Ескеріңіздер».

Жалпы бұл білім ордасында жөндеу жұмысының 85 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өйткені, мұнда бірінші қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғылуы керек. Сондықтан, 3 тілді білім беретін мектеп директоры мен мердігер мекеме балалардың жаңа оқу жылында жаңа мектепте оқуы үшін барынша тырысып жатырмыз дейді.

Гүлзина Иманқұл, А.Навои атындағы №11 мектеп директоры: «Біз осы аптаның соңында оқушылардың орындықтарын әкеліп қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Кітапханамызда осы аптада беріледі. Негізі аяқталу мерзімі 20 тамыз. Дегенмен біз 4 сәуірде келісімшартқа тұрдық. Бірақ соттасу жұмыстары болып, бір айға созылған. Дегенмен мердігер бізге 20 тамызға дейін бітпесекте, 1 қыркүейкке аяқтап береміз уәде беріп жатыр. Біз де бірлесіп атсалысып жатырмыз».

Мұрат Әйтенов құрылысы мамыр айының соңында басталған А. Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының да жөндеу жұмысын бақылады. 3 мыңға жуық бала білім алатын бұл мектеп қазан айының басында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жанар Сәрсенбаева, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназия директоры:
«Қазір бізде шатыр 100 пайызға бітті. Электр қуаты 65 пайыздай бітіп қалды. Жылу жүйесін жүргізіп жатыр. Мектептің сыртқы қабаты да қапталып бастап жатыр. Жалпы құрылыстың біразы аяқталуға жақын. Бірақ енді оқу жылына үлгермегендіктен балаларға білім алу үшін екі ғимарат дайындап отырмыз. Яғни, жөндеу жұмыстары ешқандай кедергі келтірмейді».

«Бірінші орында құрылыс сапасы» деген қала басшысы жауаптыларға жұмысты тиянақты атқаруды тапсырды. Әрі тиісті сала басшылары құрылыс қарқынын бақылап отыру қажет екені айтты.

                                                                                      Мөлдір Ибадуллаева