Қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасы белгіленеді

65

Премьер-министр Әлихан Смайылов ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қанттың ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеуді тапсырды.»Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты аталған саланы дамыту бойынша Кешенді жоспар әзірленді», — деді Смайылов үкімет отырысында.

Ең алдымен қант зауыттары отандық шикізатпен қамтамасыз етілуі керек. Сондықтан егіс алқаптары 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есеге ұлғаймақ. Премьердің айтуынша, бұл алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қант зауыттары жаңғыртылып, өндірістік қуаты өседі.

«Қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық пен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет. Сауда министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырамын», — деді Смайылов.