Алаяқтар жаңа әдіс қолдана бастады. Соңғы кездері тұрғындарға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры атын жамылған алаяқтардың қоңырау шалуы жиілеген. Олар өзін қор өкілі ретінде таныстырып, қор атынан материалдық төлемге ие бола алатынын айтады.
Ал қолдау көмегін алу үшін абоненттерден «1414» қысқа нөмірінен келген кодты айтуды, содан кейін «Қазпошта» арқылы ақша алуды ұсынады екен. Қоғамдық қор өкілдері қазақстандықтарды сақ болуға, «1414» нөмірінен алынған құпия код пен өзіңіз жайлы жеке мәліметтерді ешкіммен бөліспеуге шақырады.
«Біз «Қазақстан халқына» қоры ешқандай төлемақыны ешкімге беріп жатқан жоқпыз. Әр азамат өзінің өтінімін портал арқылы тіркеп, жеке кабинетін ашып, сол жерге құжаттарын тіркеп өтінімдерін жібереді. Сіз ол СМС-код келді деп нөмерін айтсаңыз, несиені мойындарыңызға жүктеуі мүмкін»,-дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.