«ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Шымкент мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен барды. Ол сапар барысында зауыт басшылығының қатысуымен кеңес өткізіп, мұнай өңдеу жұмыстарына жаппай бақылау жүргізуді тапсырды.
Дизель отынының тапшылығы әсерінен адамдар АИ-95 жанармайының жоқтығына шағымданып жатыр. Мағзұм Мырзағалиев жанар-жағармайды елден шығару фактілерінің барын атап өтті. Егер жанар-жағармайды заңсыз шығару тоқтамаса, онда мұнай өңдеушілердің жұмысы нәтижесіз болады дейді ол.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы: “Шымкент МӨЗ-ның жұмысы тұрақты. Қазіргі уақытта өндірістік жоспарды толық орындап отыр. Жыл соңына дейін рекордтық 6 142 000 тонна көлемде мұнай өңделеді деп күтілуде. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ен ең үлкен көрсеткіш. Жанар-жағар май нарығындагы күрделі жағдайға көршілес елдермен жанар-жағармай бағасының айырмашылыгы, Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерінің сыртқа кетуі әсіресе, дизель отынының заңсыз тасымалы себеп болып отыр”.
Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысып шыққаннан кейін, кеңейтілген жиын өткізді. Онда МӨЗ қызметкерлері жұмыстың тұрақты жүріп жатқанын, тіпті жоспарды асыра орындайтындарын мәлімдеді.
Ерболат Қожабаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Президенті:
«Былтырға қарағанда 1 млн. тоннаға артып отыр мұнай өңдеу көлемі. 1 млн. 200-ден артық бензин шықты, 1 млн. 100-ден артық дизель отыны шықты. Жұмысымыз, жоспарланған жөндеу жұмыстарын ішкі нарықтағы жағдайға байланысты келесі жылдың ортасына ауыстырып отырмыз».
Мырзағалиев зауыт басшылығына «ҚазМұнайГаз» өңдеу блогымен бірлесіп мұнай өнімдерін заңсыз әкету мәселесі бойынша қажетті материалдар дайындауды тапсырды. Ал одан кейін барлық құжаттар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.