«ПетроҚазақстан ойл продактс» ұжымы ұлыстың ұлы күнін атап өтті

53

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің қызметкерлері дәстүр бойынша Наурыз мейрамын бүкіл ұжыммен бірге қарсы алды. Мерекелік шараға зауыт жұмысшылары ұлттық киімін киіп, отбасымен бірге келген. Қонақтарға ұлттық тағам түрлерінен берекелі дастархан жайылып, керемет концерттік шара ұйымдастырылды.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нде дүбірлі той. Олар үлкен қазанда палау пен бауырсақ пісіріп, мерекелік наурыз-көже дайындады.

Зауыт қызметкерлері мен олардың отбасы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Ұлыстың ұлы күнін атап өтті. Жайылған кең дастархан қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Индира Оралбаева, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС PR маманы: «Бүгін біздің «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы көктемнің тамаша мерекесі Наурыз мейрамын тойлап жатыр. Мерекеге бәріміз де бірге атсалыстық. Қызметкерлерімізге дастархан жайылып, концерттік бағдарлама дайындалды. Тіпті бүгін ауа райы да көмектесті. Таңертең жаңбыр жауғанда қатты уайымдап едік. ал түстен кейін күн жарқырап шыға келді. Баршаңызға бейбітшілік пен амандық тілейміз. Аспанымыз ашық болсын»

Ал мың бұралған бишілер мен батырлар қойылымы мереке көркін кіргізді.

Мұнай өңдеу зауытының басшылары жұмысшыларды әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, сый таралғысын тапсырды. Сонымен қатар шара соңы танымал әншілердің қатысумен концерттік бағдарламаға ұласты.

Наркенже Серікбаева, әнші: «Бүгін тамаша күн, барлық жерде Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр. Бүгін маған ұжымдық мерекеде өнер көрсетуді өтінді. Қазақтың халық әндерін орындап бердім. Концерт керемет ұйымдастырылған. Баршаңызды мерекемен құттықтап, бейбітшілік пен тыныштық тілеймін»

Дәркен Танабай, бөлім шебері: «Мерекелік концерт керемет өтті. Біз өзіміз күткеннен де жақсы демалдық. Осындай ұлттық мейрамды жоғары дәрежеде ұйымдастырғандарға алғысым шексіз. Бәріне денсаулық, мол табыс тілеймін»

Естен кетпес мерекеге орай қонақтар арасында түрлі жарыстар өтті. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.