Шымкенттегі ағаш базары рұқсатсыз жұмыс істеп келген

86

Шымкенттегі ағаш базары 3 айдан бері заңсыз жұмыс істеп келген. Жауаптылардың сөзінше, тауарын әкеп, кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтар мемлекеттің жерін ешқандай құжатсыз иемденген. Қазіргі таңда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқан әкімдік пен құқық қорғау орган өкілдері базарды босату қажет екенін айтты. Ал кәсіпкерлер мұнымен келісе ме? Қанша уақытта босатуға дайын?

«Шымкенттегі ағаш базары жабылып, орнына жасыл желекпен көмкерілген саябақ бой көтереді». Әңгіме Шымкенттегі Қ. Төлеметов көшесі бойында орналасқан базар жайлы. Көп ұзамай 20-25 кәсіпкер мен жүк түсіргіш жүздеген бала нанын тауып отырған сауда орны жабылмақ. Бұл мемлекеттің жері деген әкімдіктегілер ағаш саудасымен айналысатындар бүгінге дейін заңсыз жұмыс істеп келгенін айтады.

Ал кәсіпкерлер бұдан хабарсыз болғандарын айтады. Тек жер бос әрі ешкімге кедергісін келтірмеген соң саудамызды жасай бердік дейді. Бірақ ешқандай қарсылық танытпаймыз деген олар тауарларды алып, базардан шығып кету үшін аздаған уақыт беруін ғана сұрап отыр.

Әбдімәлік Тұрсынбеков, жеке кәсіпкер: «Енді көшірудің өзіне әр кәсіпкердің өзіне кемінде 1 млн — нан астам ақша кетеді. Машинасы бар, артуы бар, түсіруі бар, жинатуы бар. Бозарықта базар бар дейді. Барамыз деп жатырмыз. Бізге бір ай уақыт берсе. 1 айда мына жерді босатып, келесі товарды сол жаққа түсіре береміз».

Кәсіпкерлер 2-3 ай бұрын бірігіп айналасын қоршатқан базарға ешқандай ақша төлемейтін көрінеді. Тек күзетшінің айлығы мен қауіпсіздік шаралары үшін қаржы жинайды екен. Бірақ биыл сауда жылдағыдай емес деген олар әкімдік өкілдері түсіністік танытса екен деп отыр.

Оралбек Бердіқұлов, жеке кәсіпкер: «Сауда жоқ, ноль. Бұрындары мектептер келуші еді. Биыл ол да жоқ. Білмеймін, бюджетте ақша жоқ па деймін? Тендер де жоқ. Халықтың жағдайын біліп отырсыздар ғой өздеріңізде».

Жауаптылар заң бойынша базарды 7 күнде босатуы қажет дейді. Кәсіпкерлердің 1 ай уақыт беріңіздер деген өтініші арнайы комиссиямен қаралады екен. Ал аумағы 1 гектардан асатын бұл аймаққа алдағы уақытта жасыл желек егіліп, парк салу жоспарланып отыр.

Нұрбол Жүнісбеков, Шымкен қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының міндетін атқарушы: «Бұл жерде бас жоспар бойынша көгалдандыру, бұл жерде тек парк салынады. Сквер болу керек. Сондықтан бұл жерде заңсыз саудаға жол болмайды».

Бүгінде базарға ешқандай тауар әкелініп жатқан жоқ. Керісінше, сыртқа шығып жатқан ағаш көп. Өйткені, барлығы көшіп әлек. Ал сатып алушалар қарасы көрінбейді. Қыруар ағашты қайда алып барамыз деп уайымдаған,кәсіпкерлер ағашты тіпті өз бағасына да сатып жатырмыз дейді.

                                                                                                   Мөлдір Ибадуллаева