Заңсыз ағаш базары: «Мемлекеттік жерді мақсатпен пайдалану керек»

32

Шымкентте осыдан 2 айдай бұрын заңсыз ағаш базары анықталған еді. Әкімшілік тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде саудагерлердің басым бөлігі тауарларын алып кеткен. Дегенмен 5-6 сатушы әлі де болса базарда қалып, саудасын жалғастырып жатыр. Осыған орай Абай ауданының әкімдігі қайта түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Абай ауданында Заңсыз бизнеспен айналысқан 22 жеке кәсіпкер анықталған. Оның бірі Төлеметов көшесі бойында орналасқан ағаш базары. Мұнда бұған дейін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп 200-ге тарта жұмысшы тауарларын алып кеткен. Ал қалған саудагерлер әлі де Ағаш базарының заңсыз орналасқанына сенбейді. Сондықтан қайта түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келген Абай ауданының әкімі, мемлекеттік жерді мақсатты пайдалану қажет екенін айтады.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Мұнда мемлекет меншігіндегі 1 гектар жерді қоршап алып, осы жерге көптеген азаматтарды алып келіп, ағаш сатумен айналысқан. Бұған дейін БАҚ арқылы бірнеше рет үндеу жасадық. Мына жақтағы азаматтар өз ағаштарын алып кетті. Бүгінгі күнде 8625 шаршы метр жерге құрылыс жұмыстарын жүргізу керек еді. Бірақ тағы да ағаш сатумен айналысып жатыр.  Бұл жерде ағаш сатуға ешқандай рұқсат жоқ. Тек мұнда құралыс заттарын сататын сауда орталығының құрылысын жүргізу керек».

Ал мұнда бірнеше уақыттан бері нәпақасын тауып жүрген жандар жайлы орныннан жылжығысы келмейді. Сол үшін Президентке Ағаш базарын заңдастыру бойынша үндеу хатын да жолдаған көрінеді. Бірақ әкімдік бұл орынның заңсыз екенін ескертіп, құрылыс нысанының бітуін күтуді сұрады.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандарының айтуынша бұл жер заңды түрде құрылыс жүргізу мақсатында алынған. Сауда орталығын салу бойынша барлық заң талаптары сақталған. Алайда ғимарат салынып бітпейінше, мұнда сауда жасауға рұқсат берілмеген

Досхан Садықов, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы: «2021 жылдың тамыз айында осы құрылыс нысанына жобалау құжаттамасы әзірленген. Құжаттама бойынша сараптама қорытындысы алынған. Содан кейін біздің басқармаға құрылыс жұмыстарын жүргізетіні туралы хабарлама тастаған. Құрылысқа рұқсат алынған. Жер телімінің нысаналы мақсаты ғимараттар мен құрылыс нысанын салу. Салынып жатқан құрылыстың атауы Сауда орталығы деп көрсетілген»

Ағаш базарының аумағында тағы да жаңа саудагерлер пайда болған. Дегенмен мамандардың айтуынша егер олар ескертуге құлақ түрмей, әлі де заңсыз орында жұмысын жалғастыра берсе әкімшілік айыппұл арқалауы әбден мүмкін.