Түркістан облысының керуені Нұр-Сұлтанға жол тартты

Тамыз айының 27-28-і күндері Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Бүгін облыс аумағынан азық-түлік тиеген керуен елордаға жол тартты. 71 түрлі тауарды жалпы саны 40 жүк көлігі жеткізеді. Қауын-қарбыз, қызанақ пен қияр секілді көкөністермен қатар, сүт және ет өнімдерінен тұратын 500 тоннадан астам өнім ел астанасындағы жәрмеңкеде төмен бағада ұсынылады.

Түркістан облысынан аттанғалы отырған бұл керуенде барлық азық-түлік есепке алынып, реттеліп салынған. Жүргізушілер тиелген жүкті бұзып алмай, шаруалардың аманатын балғын қалпында жеткіземіз дейді. Жүк көлігінің жүргізушісі Мамажан Алетбаев Арыс қаласынан 16 тонна қауын-қарбыз алып бара жатыр. Тауарды уақытында жеткіземіз деген ол, елордада оңтүстік өңірдің өнімдеріне сұраныс жоғары екендігін айтады.

Мамажан Алетбаев, көлік жүргізушісі: “Түркістан облысының атынан Нұр-Сұлтан қаласына жәрмеңке ретінде қауын-қарбыз алып бара жатырмыз. Өнімдер Шардара мен Арыс қаласынан аламын, басқа көкөністер Сарыағаш,Жетісай қалаларынан аламыз. Бәрінің өз орны бар”.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің керуеніне Сайрам ауданының шаруалары да өз үлесін қосты. Аудан атынан ел астанасына ет-сүт өнімдері, шұжық, жеміс және көкөністен жалпы есебі 24 тоннадан астам өнім жол тартты.

Ерболат Серікбаев, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: «Бізден 5 үлкен автокөлік ауыл шаруашылығы өнімдерін алып бара жатырмыз. 20 түрден астам өнім түрін шығардық. Көкөніс, жеміс, сүт, ет өнімдері бар. Астанамызда қай өнім сұранысқа ие, соларды көп алып бара жатырмыз».

27-28ші тамыз күндері өтетін Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жәрмеңкедеде 71 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің өнімдері сатылымға шығарылады. 40 жүк көлігімен жеткізілетін 500 тонна тауар 15-20 пайыз төмен бағада ұсынылады. Ал өнімдердің құны 478 млн теңгеге бағаланып отыр.   

Нұрбол Бекмұратов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары: “Жалпы екі күнге созылатын іс-шарада 478 млн. теңгені құрайтын 500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімдері елорда тұрғындары мен қонақтарына нарықтағы бағадан 15-20% төмен ұсынылады. Қазіргі таңда біз Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен келісімге келіп отырмыз. Яғни ол жақтан бізді орын-жайлармен қамтамасыз етіп отыр жылдың аяғына дейін. Яғни әр аптаның сенбі-жексенбі күндері Түркістан облысының өндірушілері өнімін тікелей сатуға мүмкіндік бар”.

Жыл басынан бері 7 ай ішінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнім көлемі 338,9 млрд теңгеге жеткен.  Нәтижесінде өңір республика бойынша бірінші орында тұр.  Жалпы  биыл Түркістан облысында 1,0 трлн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көзделіп отыр дейді мамандар.