Түркістанда бір топ әйел 3000 адамды тақырға отырғызып кетті

124

Түркістан облысында бір топ әйел 3000 адамды алдап соққан. Қазір қалалық сот 25 нәзік жандыға қатысты істі қарап жатыр. Күдіктілерге қаржылық пирамида құрды деген айып тағылған.

Қазір Түркістан қалалық сотында атышулы қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген 25 әйел 3000 адамды ірі мөлшерде ақша табасың деп сендірген. Бірақ соңында уәде орындалмай, екі ортада тек салымшылардың қалтасы қағылған.

Қаныбек Тоқсанбаев, Түркістан облыстық прокуратураның сот актілерінің заңдылығын қадағалау және сотта мемлекет мүддесін білдіру басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда қалалық сот 25 әйелге қатысты қылмыс істі қарап жатыр. Олар қаржылық пирамида құрып, 3000 азаматты тақырға отырғызды деген күдікке ілінген. Шығын көлемі 3 млрд. теңгеден жоғары».

Тергеу органы бұл істі тәжірибелі мамандар тексеріп жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда іске қатысы болуы мүмкін барлық әйел ұсталды дейді жауаптылар.

Қаныбек Тоқсанбаев, Түркістан облыстық прокуратураның сот актілерінің заңдылығын қадағалау және сотта мемлекет мүддесін білдіру басқармасының басшысы: «Бұл істі қарауға барынша тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Қазір 2 қызметкер қарап жатыр. Мен осы тұста халыққа ешкімге алданбаңыздар дегім келеді. Күдік тудырған қаржылық пирамидаларға жоламаған жөн. Әйтпесе, ақшаңыздан айырылып, сан соғып қалуларыңыз әбден мүмкін».

Түркістан облысының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға, ақшасын күмәнді ұйымдарға салмауға шақырады. Ал осыған ұқсас жағдайға тап болсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз.

Мөлдір Ибадуллаева