«Жазда да ауыз сусыз қалдық»: Тіршілік нәрінен тарыққан халықтың жанайқайы

78

Түлкібас ауданының тұрғындары 10 жылдан бері қыста қатып қалатын, жазда насостың күші жетпейтін ауыз судан мезі болған. Тіпті, шіліңгір шілде де айлап сусыз қалдық дейді жұрт. Ал жауаптылар тек құрғақ уәдемен шектелетін көрінеді.

«Ауыз су бағасы қанттан да қымбат». Осылай деген Түркістан облысындағы Тастұмсық ауылының халқы тіпті, ХХІ ғасырда «су жоқ» деп айтуға да ұяламыз дейді. Ал қырдағы цистерналар тұрғындар үшін баға жетпес құнды зат. Себебі, істен шыққан құрылғылар арқылы тамшылап болса да тіршілік нәрі келіп тұрады.

Арыс Барлыбаев, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Біздің ауылда жылда жаз сайын су болмайды. Бір күн су келеді, екі күн су жоқ. Содан өткенде су 10 күнге жоқ болды. Сонымен ауыл адамдары жиналып, әкімшілікке барып суды айтып, жаңағы суды жібергіздік».

Алайда, төңірегі қоршалмаған цистернаның өзінде судың беті ашық-шашық жататын көрінеді. Ал бұл халықты одан сайын дүрбелеңге түсірген.

Назира Абдуллаева, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Су мұнарасы тұр. Бірақ ол мүлдем қоршалмаған және беті ашық жатыр. Кез келген адам суға дәрі тастап бүкіл халықты улауына болады. Әлде жауаптылар бізді сілемізді қатырғанын күтіп жүр ма? Ал, тиісті мекемеге хабарласып неге су жоқ екенін сұрағанда. Ауа-райы ыстық болғаныдықтан деп мардымсыз жауап береді».

Судан тарыққан жұрт атқа мінерлерден қайран жоқ екеніне бірнеше рет көз жеткізген. Тіпті, шіліңгір шілдеде қаталап жатсаң да аузыңа бір тамшы су тамызып көмектеспейді дейді ашынғандар. Тіршілік нәріне жауапты мамандар болса, мамыр айындағы судың болмауын жүргізілген жарық бағаналарын ауыстыру жұмысымен байланыстырды. Ал екінші жағдайды былай түсіндірді.

Бауыржан Сихымбаев, «Тұраркент Су» МКК директоры: «Ал, мынау соңғы су болмай қалған кезі ол кезде трансформатордың ақауына байланысты, күйіп-жанып кетуіне байланысты екі күнге су болмай қалды».

Жауапты өкіл одан кейін судан мәселе туындамағанын айтады. Тұрғындар болса, аптап ыстықта екі күн былай тұрсын, екі сағат сусыз отыру оңай емес дейді. Ал, ауыз су резервуарының айналасын қоршау жұмысы 2025 жылға дейін жасалады екен. Яғни, қараша халық тағы үш жыл бойы «уланып қалмаймыз ба» деген үреймен өмір сүруге мәжбүр.

                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева