Түркістан облысында ата-анасынан тұрмысқа шығуға рұқсат ала алмаған қыз үйінен қашып кетіп, сүйген жігітімен қыдырып жүрген жерінен табылған.
Полицияға арызданған әйел, қызы белгісіз бағытқа шығып кетіп, үйге оралмағанын айтқан. Полицейлер арызды хабар-ошарсыз жоғалу бойынша тіркеп, 18 жастағы қыздың суреттерін таратып, шұғыл іздестірген. Нәтижесінде, жоғалған қыз Шымкент қаласынан табылды.
Бойжеткен онда жігітімен бірге қыдырып жүрген. Нақтырақ айтқанда, жас жігітпен отау құрмақшы болған қызға ата-анасы рұқсат бермеген. Сол себепті 18 жастағы қыз жігітімен бірге Шымкент қаласына қашып кеткен. Қазіргі таңда жоғалған қыз ата-анасына қайтарылды.
Аделя Сағынай, полиция аға лейтенанты: «Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Ол өз арызында 2004 жылы туылған қызы белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта үйге оралмағанын айтады. Аталған жайт хабар-ошарсыз жоғалу бойынша тіркеліп, тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмысы нәтижесінде 18 жасар қызды табу мақсатында жақын аймақтарды аралап, көрген білгендерден сұрастырады. Сайрам АПБ қызметкерлері арқылы қыздың суреттері таратылып, шұғыл әрекеттер атқарылды».