Түркістан облысының медицина қызметкерлері Тараз қаласында өткен республикалық спартакиадада жалпы командалық есепте топ жарды. Дүбірлі додадан үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға облыс әкімінің орынбасарының алғыс хаты мен сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, ақ халатты абзал жандар бірден екі басқарманың марапатына бөленді.
Түркістан облысының ақ халатты абзал жандары тек медицина саласында ғана емес, спортта да өздерінің үздік екенін дәлелдеді. Дәрігерлер Таразда өткен республикалық спартакиадада спорттың 5 түрі бойынша бақ сынады. Мақтаарал ауданының командасы футболдан өңір намысын қорғап, Жамбыл облысы құрамасымен тартысқа толы ақтық бәсекеде жеңіске жетті. Ал төртінші дәрежелі фельдшер Ахмет Оқап үздік сұрмерген атанды.
Ахмет Оқап, спартакиада жеңімпазы: «Түркістан облысының намысын қорғап, бірінші орын алдық. Спартакиадада ең қиын қарсылас Тараз болды. Олар жергілікті, одан қалса мықты екен. Таразда спорт жақсы дамыған. Соған қарамастан барлығын жеңіп, бірінші орын алдық. Мен 13 гол соғып, үздік бомбардир атандым».
Республикалық дүбірлі додада үздік атанған спортшы-дәрігерлерді қос басқарма басшылары марапаттады. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев үздіктерге алғыс хат пен спорттық сөмке сыйға тартты. Кіші футбол, волейбол, жүзу, бильярд және кіші теннис спорт түрлері бойынша өткен турнирде Түркістан қаласы, Түлкібас, Бәйдібек, Келес пен Сауран аудандарындағы ауруханаларының дәрігерлері сынға түсті.
Жазира Муслимова, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары: «5 спорт түрінен өткен жарыста біздің команда бес спорт түрінен бірінші орын, тек теннистен екінші орын алды. Дегенмен, 118 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Біз пандемиямен күрестік, қаншама өзге дерт бар. Соның барлығымен күрескен ақ халатты абзал жандар. Ең бірінші профилактика дейді. Ең бірінші дене шынықтыру».
Спартакиадаға дайындық барысында медицина қызметкерлерін жаттықтыру үшін қос басқарма бірлесе еңбек еткен. Қоғамдық денсаулық басқармасы дәрігерлерді жұмысынан уақытша босатса, дене шынықтыру басқармасы спортшыларды жаттықтырумен айналысқан.
Айта кетейік, өңір құрамасы Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты Жедел-жәрдем станциясы, Түркістан қалалық емханасы және 6 аудандық аурухананың медицина қызметкерлерінен құралған.