Денсаулық сақтау министрлігі мектептегі медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын әзірледі. Оған аурудың алдын-алу, вакцинация және тағы басқа ем түрлері кіреді. Сондай-ақ, медициналық пункт жанындағы мектеп медбикелерінің саны көбейеді. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға көмектеседі. Тұрғындар мектептегі медпункт қызметін жақсарту туралы ұсыныс білдірген болатын. Осыған орай, осы мәселеге баса назар аударылып отыр. Мектеп медбикелері бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, аллергия секілді басқа да аурулармен күніне орта есеппен 25-30 оқушыны қабылдайды.
Гүлшат Досалиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мектептерде медкабинеттердің жұмыс жасағаны өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі біздің балалар ыңғайсыз жағдайда қалған кезде, мысалы, дене шынықтыру сабақтарында құлап қалса, белгісіз бір заттарға аллергиясы пайда болған кезде, әрине, олар бірінші кезекте медкабинетке жүгінеді. Бірінші көмек көрсететін медқызметкерлер. Сондықтан медициналық орталықтар мектепте керек деп есептеймін».
Шымкенттегі №65 мектептің медициналық пунктінде екі медбике қызмет етеді. Олар бас ауруы, асқазан, вирустық инфекциялар және басқа түрлі аурулар бойынша алғашқы көмек көрсете алады. Сондай-ақ, медициналық бөлмеде арнайы дәрілер мен анафилактикалық шок алған балаларға арналған арнайы алғашқы көмек чемоданы бар.
Гүлжан Айдарқұлова, мектеп медбикесі: «Күнделікті келген жағдайда алғаш баланың жағдайын қараймыз, температурасын өлшейміз, нәтижесін білгеннен кейін балаларды амбулаториялық журналға тіркейміз. Бірінші, сынып жетекшісіне ескертеміз, ал ол ата-анасына хабар береді. Кейді түрлі ауыр жағдайға ұшырағанда жедел-жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетеміз».
Самал Саурова, ҚР ДСМ балалар мен жасөспірімдер денсаулығын қорғау басқармасының басшысы: «700 оқушыға бір мектеп медбикесі, ал 2000 оқушыға бір дәрігер болуы керек. Бірақ, әдетте, негізгі жұмысты орта медициналық қызметкерлер жүргізеді».
Сонымен қатар, мектеп медбикелері оқушылардың қалай тамақтанатынын да бақылайды. Күн сайын олар білім ошақтарының асханасында қуырылған, майлы немесе тәтті тағамдарды сатылмауын қадағалайды. Олар бекітілген стандартқа сәйкес оқушылардың салауатты өмір сүруіне баса назар аударады.