Мектеп медицинасын кім бақылайды?

1266

Мектептегі оқушылардың денсаулығы мен жағдайын бақылау үшін білім ордаларының барлығында дерлік медициналық бөлмелер жұмыс істейді. Бұған дейін білім басқармасының қол астында болған кабинеттер биылдан бастап денсаулық сақтау саласының қарамағына өтті. Мектептер мекенжайына қарай емханаларға бекітіліпті. Аудиттік тексерістер жүргізілді. Не өзгерді? Мектеп мейірбикесіне қандай міндеттемелер жүктелді? Ақ халатты абзал жан таң тасынан кеш батысына дейін мектепте болуы керек пе? Бізді де қызықтырған осы сауал еді.

Мектеп медбикесінің беруіне рұқсат етілген дәрі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, оқу жылында шамамен 12 балаға дейін дене тәрбиесі сабағында кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болады екен. Бұл – бізге мәлімі ғана. Қоңырау кезінде жүгіріп не сабақ үстінде жарақаттанатындары қаншама. Әрине, оқушының қайғылы жағдайға ұшырауы мектеп директорына да, сынып жетекшісіне де, мейірбике үшін де оңайға тимесі анық. Қалай десек те, бірінші жауапқа тартылатындары да осы үшеуі. Сондықтан болса керек, бүгінде мектептегі ақ халаттылар бірінші сыныпқа келген баланың профилактикалық тексерістен өткенін растайтын қағаз бен оның медициналық картасының көшірмесін сұратады. Баланың бойында қандай да бір ақау болса оны сынып жетекшісіне хабарлайды. Екеуі бірлесе отырып, баланың жәй-күйін бақылап, өзгерісті байқаса шара қолдануға дайын болады. Шымкент қаласы М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің медбикесі Мадина Мусаеваның айтуынша, кейде балалар жүгіріп баспалдақтан құлап, қол-аяғын сындырып, басын жарып алуы мүмкін. Мұндайда ол бірден жедел жәрдем көлігін шақытуға міндетті. Одан соң сынып жетекшісі мен мектеп әкімшілігін құлақдар етеді. Олар сәйкесінше, баланың ата-анасына хабар береді. Егер оқушы жеңіл жарақат алса, мектеп мейірбикесі алғашқы көмекті өзі көрсетіп, жарасын тазалып, таңып береді. Қызуы көтерілгендерге, іші, тісі, басы ауырғандарға да дәрі бере алады. Алайда қан қысымы жоғарылаған оқушыларға жедел жәрдем шақыртатынын айтты. Осылайша, мектептегі медициналық кабинеттің жұмысының жай-жапсарына қанықтық. Яғни, мұндағы мейірбикелерге анальгин, парацетамол, цитрамон мен ношпадан басқа дәрі-дәрмектерді қолдануға рұқсат жоқ. Айтпақшы, 6-16 жасқа дейінгі балаларға екпені мектептегі мейірбикелер жасайды екен. Сондықтан тіркеуде тұрған емханаға барып әуре болудың қажеті жоқ.

Медкабинеттердің жәй-күйі қандай?
Пайымдауымызша ешнәрсе өзгерген жоқ. Сол баяғы қуықтай тар бөлме мен жалғыз маман. Оның да қағазбастылықтан қолы тимей анда-мында кетіп қалатыны тағы бар. Медицина ғылымдарының докторы, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы медициналық статистика және методикалық жұмыстарды ұйымдастыру басқармасының жетекшісі Гульнара Ташенова «Central Asia Monitor» республикалық қоғамдық-саяси басылымына берген сұхбатында мектептердегі медицина бөлмелерін тек бір ғана басқарманың мойнына асып қоюға болмайтынын, ведомствоаралық комплексті тәсіл қолдану керек екенін айтқан.
– Білесіздер ме, бірінші сыныпқа келген балалардың басым көпшілігінің денсаулығында кінәрат болады. Себебі, ата-аналар асығысып балаларын толық тексерістен өткізуге қиналады. Ал мектептерде баланың денсаулығын қадағалайтын сала мамандары (офтальмолог, хирург, ортопед, невропатолог, гастроэнтеролог, уролог, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері) болмаған соң, 11 сыныпқа дейін көру қабілеті нашарлай түсетін, дене бітімі қисаятын, асқазанында жара пайда болтындары болады,-депті маман.
– Бала денсаулығы көңіл бөлуді қажет етеді,- дейді Гүлнара Тәліпқызы. – Талай жерде мектеп бітіруші түлектерінің 30 пайызы созылмалы аурулармен, атап айтар болсам, тыныс алу жолдарының нашарлауы, жүйке жүйесінің әлсіздігі, асқазан-ішек жолдары ауруымен ауыратындарын айтқанмын. Ұлдарда майтабан, көз жанарының нашарлауы, бүкірлік, семіздік байқалса, қыздардың қуығы, кіндіктен төмен тұстары қабынады. Мұның барлығы да, салауатты өмір салтын сақтамағаннан, газдалған сусуындарды көп ішіп, фаст-фуд тағамдарын пайдаланғаннан. Әрине, мектеп кінәлі емес қой, бірақ мектеп соның барлығының алдын алуы керек. Еуропада денсаулық мектептері бар. Онда сабақ барысы да, материалдық база да, оқушылардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Бұл бағытта ресейлік мектептер де жұмыс жасап жатыр. Аталмыш мектептердің басты артықшылығы – спорттық үйірмелерге мән беретінінде болып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, оқушылар шаршап, жүйкесі жұқармауы үшін сабақ уақытында әлсін-әлсін жаттығулар жасап, жыл бойы сауықтырып отырудың жолдары қарастырылады. Ұл-қызды уақытымен тексеріп тұру үшін мамандар бригадасы білім ошақтарын өздері араламақ. Мектептерде дене бітімі мен көз нашарлауының алдын алу үшін дәрумендер беру, физиотерапиялық процедуралар жүргізу, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету негізгі жолға қойылады.
Қаңтар-наурыз айларында 2,6 млн оқушы профилактикалық тексеруден өтіп, 305,8 мың оқушы диспансерлік есепке қойылған. Алдағы жылы мектеп медицинасын дамыту мақсатында бюджеттен 5,9 млрд теңге қарастырылғандығы шараға баса көңіл бөлінгендіктің айғағы.

 

Мадина Мусаева, М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің медбикесі:
– Біздің мектепте 1096 оқушы бар. Баланың аты бала ғой. Бірінің басы ауырса, екіншісінің іші бүруі мүмкін. Дәлізде не дене шынықтыру сабағанда жүгірі жарақат алатындары да жоқ емес. Барлығына дерлік көмекке келуге тырысамын. Алайда, басы жарылса қолы шықса міндетті түрде жедел жәрдем көлігін шақытрамын. Бізге анальгин, парацетамол, цитрамон, ношпадан басқа дәрі беруге рұқсат жоқ. Егер баланың мазасы қашып, денсаулығы нашарлағанын байқасам бірден ата-анасын шақыртамын.

                                                                                                                                                Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ