Оқушысын зорлады деген күдікке ілінген мұғалімге қатысты сот үкімі шықты

92

Сарыағаш ауданында мектеп оқушысын зорлады деген мұғалімге қатысты сот үкімі шықты. Көпшілікті дүр сілкіндірген резонансты оқиға қараша айында болған. Сарыағаш аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын кәмелет жасына толмаған қызына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасады деп мектеп мұғалімінің үстінен арызданған. Оқиға бойынша мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысын білім ошағының қабырғасында зорлады деген күдікке ілінген еді. Бүгінде күдікті азамат кінәлі деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 

Сарыағаш ауданында оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен мұғалімге 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қараша айында кәмелетке толмаған мектеп оқушысына жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасады деген күдікке ілінген азамат өз кінәсін толық мойындады. Жаға ұстатқан жайт 2021 жылдың қарашасында болған.

 Әсет Серікбаев, Түркістан облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: «Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК 122-бабының 1-бөлігімен айыпталған сотталушыға қатысты, яғни атап айтқанда 16 жасқа толмаған қызға қатысты жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Соттың тергеуінде анықталғандай, 2021 жылы қараша айында Түркістан облысының аумағында сотталушы жәбірленушіні өзеннің жағасына алып барып, алдағы уақытта бірге тұрмыс құрып, үйленетінін айтып, жәбірленуші онымен өз еркімен жыныстық қатынасқа түскен. Сотталушының кінәсі сараптама қоыртындыларымен оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен беттестіру және заттай дәлелдемелермен дәлелденген».

Іс бойынша прокурор сотталушыға ҚР ҚК 122-бабының 1 бөлігіне сәйкес 2 жыл бас бостандығын шектеу туралы жаза тағайындауды сұраған. Сот қылымыстық жауаптылықпен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың бар екенін, яғни сотталушының кінәні мойындауын, жәбірленушінің кешірім беруін ескеріп, жазаны ауырлататын мән-жайдың анықталмағанын назарға алған. Нәтижесінде, кінәлі азаматқа екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Әсет Серікбаев, Түркістан облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: «Сот үкімімен сотталушы жоғарыда аталған қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды».

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.