Полицейлер той кортежінде жол ережесін бұзған жүргізушілерді жауапқа тартты

67

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіге, оның ішінде «Телеграм» арнасына мониторинг жүргізу кезінде, Сарыағаш ауданындағы құқық бұзушылықты анықтады. Яғни жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, арнайы дыбыстық белгілері бар құрылғыны заңсыз орнатып, мемлекеттік нөмірсіз жүрген бірнеше белгісіз автокөліктер туралы бейнежазба назарға алынды.

Осы оқиға бойынша бірден тексеруге шыққан полицейлер, Түркістан облысы тұрғындарының бірі Шымкент қаласынан арнайы сигналдар (СМУ) және тіркелмеген нөмірлік белгілермен жабдықталған «Лексус 470» маркалы автокөлігін жалдағанын анықтады. Осылайша аталған той кортежіне қатысқан, жол ережесін бұзушы автокөліктерді анықтауға бағытталған жұмыстар жан-жақты жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар барысында Сарыағаш АПБ ЖПҚ қызметкерлері бейнежазбадағы «Лексус 470», «БМВ» және «Лада-21144» маркалы автокөліктердің жүргізушілерінің жеке басын анықтап, жауапкершілікке тартты. Жоғарыда аталған барлық автокөлік құралдары айыптұрағына қойылды.
«Лексус 470» жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі «Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқару» және ҚР ӘҚБтК-нің 603-бабының 3-бөлігі «Көлік құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не арнайы түсті-графикалық белгілерді заңсыз жазу» бойынша әкімшілік хаттамалар түзілді. Жүргізушіге қатысты жиналған материалдар Сарыағаш аудандық әкімшілік сотына заңды шешім қабылдау үшін жолданды.
Сондай-ақ, «БМВ» және «Лада» жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі «Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері (белгісі) жоқ көлік құралын басқару» бойынша әкімшілік шарасы көрілді. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және жалған мемлекеттік нөмірлермен автокөлік жүргізбеуге, ең бастысы мас күйінде рульге отырмауға кеңес береді. Есіңізде болсын: жол қателіктерді кешірмейді!