«Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы Қанат Шарлапаев Сбербанк Қазақстан ребрендинг жасап, атауын «Береке» деп өзгертетінін хабарлады. «Ребрендинг міндетті түрде болады. 1 қыркүйекте меншік құқығын беру транзакциясын аяқтадық. Жаңа банк «Береке банк» деп аталады. Қазақтың жақсы сөзі, бәріміз бір-бірімізге береке тілейміз. Сондықтан, менің ойымша, бұл банк өз құндылықтарын жүзеге асыруды жалғастыра береді», — деді Шарлапаев.
Еске салсақ, сәуірде Ресей мен Украинадағы жағдайға байланысты санкцияға ұшыраған Сбербанк клиенттердің кредит портфелінің бір бөлігін Halyk Bank-ке сатты. Жалпы қарызы 330 миллиард теңге болатын ипотекалық несиелер де бар.
Банктің өзін «Бәйтерек» ұлттық холдингі сатып алды. 1 қыркүйекте «Бәйтерек» пен «Сбербанк» тобы Қазақстандағы Сбербанктің еншілес банкінің барлық үлесін сату-сатып алу мәмілесін жасасты.