«7-20-25» бағдарламасы бөлінген қаражат біткенге дейін жалғасатын болады

44

«7-20-25» бағдарламасы қашан аяқталады? Бөлінген қаражат толық игерілмегендіктен, бұл сұрақтың жауабын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Қаржы бірнеше жылға жетуі де мүмкін. Ал содан кейін ше? Бағдарлама жабыла ма, әлде ұзартыла ма? Ол әзірге белгісіз. Ал жалпы мұндай бағдарлама қазақстандықтарға керек пе? 

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы барлық бөлінген қаржы толық игерілгенге дейін жалғасады. Бұл халықтың пәтерлерді қаншалықты тез сатып алатынына байланысты. Әзірге жоба бірнеше жылға жалғасуы мүмкін. Ал онан соң тұрғын үй бағдарламасы жабыла ма, әлде ұзартыла ма, әзірге белгісіз. Ал қазақстандықтар бір ауыздан мұндай бағдарламаның керек екенін айтады.

Құрманай Әмірхан: «Қазіргі таңда көптеген адам пәтер жалдап тұрып жатыр. Сондықтан алғашқы жарнасы аз үйлер міндетті түрде керек деп ойлаймын».

Жадыра Байтемір: «Еліміздің қарапайым азаматы ретінде маған үй алу үшін құятын бастапқы жарна сомасы сәйкес келмейді. Біздің айлығымыз аз, ал төлейтін ақша салыстырмалы түрде өте көп. Өз ойым әрине бірақ бастапқы жарна мен пайызы төменірек болғанын қалаймын».

Экономист Арман Байғановтың айтуынша, елімізде мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қажеттілік өте жоғары. Өйткені, халық саны жылына кемінде 1 пайызға өседі. Оған қоса жыл сайынғы тарифтер де өсіп барады. Сондықтан тікелей банк арқылы баспана алуға бәрінің бірдей қалтасы көтермейді.

Арман Байғонов, экономист: «Коммерциялық негіздегі үйлерді жылдық 20-22 пайызбен береді. Бұл азаматтардың қалтасына көп күш түсіреді. Көбі сатып ала да алмайды. Тек «7-20-25» сынды мемлекеттік бағдарламалар есебімен ғана отбасылар арзан үйге қол жеткізіп отыр. Оның жылдық пайыздық мөлшері 7-8%-ды құрайды. Экономика деңгейі мен нақты жалақыны ескерсек, барлығы да осылай болғаны дұрыс».

Десе де қаржыгер тек мемлекеттік бағдарламалар есебінен тұрғындардың үйге деген сұранысын қамту мүмкін емес екенін айтады. Нарықта өз қалтасынан пәтер алатындардың да пайыздық үлесі болуы керек. Тұрғындар да ақша жинап, депозитте қаражат жинауы керек, дейді маман. Ал Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының айтуынша пәтер бағасы арзандауы үшін құрылыс заттарын өзімізде өндіру қажет. Оған қоса барлық құрылыс барысын зерделейтін арнайы үлкен институт құру керек екен.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы: «Үкіметтің көмегімен шағын және орта бизнесті тікелей қаржыландыратын немесе кәсіпкерлер өндіріс орындарын аша алу үшін, жалпылама айтқанда бізде жоқ дүниені толықтыратын, қарапайым қаржы институттарын құру қажет. Сонда ғана біз бағаның өсуін тұрақтандырамыз».

Пәтерлердің бағасы құрылыс материалдарының құнына байланысты. Демек, сыртқы нарықтағы жағдай – тұрақсыз геосаясат, санкциялар мен валюта бағамдарына тікелей тәуелді.