Шымкентте ҚР Президентінің Жолдауын талдау аясында «Нашақорлық — қоғам дерті» тақырыбында жастармен бас қосу өтті. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау жергілікті жерде кең қолдау табуда. Кездесуге келген жастарға қоғам белсенділері нашақорлықтың зияны жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оның денсаулыққа тигізер қауіпінен бөлек заң жүзіндегі жауапкершілігі туралы да сөз болды.
Қаратау ауданында 23 ауыл биі бар. Олардың басты міндеті аймақтағы тұрғындардың татулығын сақтау. Ол үшін ақсақалдар жастармен жиі бас қосып, жаман әдеттен аулақ болу жайында өз кеңестерін айтып тұрады. Сонымен қатар бірнеше рет есірткі тұтынып, отбасының шырқын бұзған жандармен де сөйлесіп, тұрғындарға бағыт-бағдар беріп отырған.
Талдыбек Мадибеков, Тассай елдімекенінің биі: «Нашақорлықты сіз болып, біз болып жоюдың амалын істеуіміз керек. №116 мектепке ай сайын барып түсіндірме жұмысын өткізіп тұрамыз. Жастарымыз есірткіге, темекіге құмартпас үшін кеңес айтып тұрамыз».
Қаратау аудандық Жастар ресурстар орталығында зиялы қауым өкілдері қала жастарымен кездесті. Онда дені сау өскелең ұрпақ тәрбиелеу үшін не істеу керектігі айтылды. Нақтырақ айтқанда қоғам белсенділері есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетіні айтып, жастарға тура жол сілтеді.
Еркін Сатқанбаев, Шымкент қалалық “Мәслихат депутаттары” ҚБ төрағасы:
«Есірткі қолданған адам өз үйін жеп бітеді. Бәрін сатып түгін қалдырмайды. Ал ол неге апарады. Сол отбасының, былайша айтқанда, катастрофасы ғой. Есірткі ол жауыз ғой. Айналайындар жоламаңдар».
Жиын соңында қала жастары аға буын өкілдеріне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, нашақорлықтан арылту орталықтары, ол үшін қолданылатын заң жобалары жайында ақпаратқа қанық болды.